Ресей-Украина келіссөздерінің қорытындысы белгілі болды
Ресей мен Украина тұтқын алмасады.
Екі тараптан 2 мың адам босатылуы тиіс. Бұл бүгін Ыстамбұлда Ресей мен Украина делегацияларының арасында өткен келіссөздерден кейін белгілі болды. Айта кетейін, бұл 2022 жылдан бері өткен алғашқы тікелей келіссөздер.
Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:
"Жалпы келіссөздер нәтижесі көңілімізден шықты. Байланысты әрі қарай жалғастыруға дайынбыз. Алдағы күндері Ресей мен Украина "мыңға мың" формуласы бойынша тұтқын алмасады. Украина тарабы екі ел басшылары деңгейінде кездесу өткізуді сұрады. Бұл сауалды ескереміз. Сондай-ақ атыс-шабысты тоқтату бойынша әр тарап өз жоспарын ұсынатын болады. Мұның бәрі дайын болғанда, келіссөздерді жалғастырамыз."
Рустем Умеров, Украина қорғаныс министрі:
"Келіссөздерде басты үш мәселе қарастырылды. Бұл оқ атуды тоқтату, тұтқын алмасу секілді гуманитарлық сұрақтар және Украина мен Ресей басшылары деңгейінде кездесу ұйымдастыру мүмкіндігі. Әріптестерімізбен байланыстамыз. Алдағы уақытта барлық құжаттармен алмасамыз."