Рим папасы Лео XIV қызметіне ресми кірісті
Ватиканда Рим папасы Лео XIV ресми түрде таққа отырды, деп хабарлайды 24kz.
Понтификті ұлықтау рәсіміне 150-ден астам ел мен халықаралық ұйымнан делегация қатысқан.
Ернат Рахметолла, тілші:
- Католиктердің көсемі таққа отырмас бұрын Әулие Петр алаңын көлікпен аралап шықты. Рим папасының таққа отыруы ежелгі ғұрып болып саналады. Дәстүрге сай рим-католик шіркеуінің жаңа басшысына биліктің нышаны саналатын кестеленіп, қой жүнінен тігілген «палий» лентасы мен алтын «жүзік» тапсырылды. Бұл папалық биліктің басталғанын білдіреді.
Лео XIV, Рим папасы:
- Иман мен ынтымаққа қуанған біздер соғыста жапа шеккен бауырларымызды ұмыта алмаймыз. Газада балалар мен қарттар аштыққа ұшырап жатыр. Азап құрсауындағы Украина әділ және тұрақты бейбітшілік үшін келіссөздер болғанын күтіп отыр.
Филип Пулелла, Ватикан сарапшысы:
- Кардиналдардың сайлағанын «Иә» деп қабылдаған Лео Рим папасы атанды. Католик қауымының барлық бөлігі оған мойынсынуға ант берді. Рим папасын ұлықтаудағы маңызды қадам осы. Лео XIV адам құқықтарын, мигранттардың мүддесін қорғауға ерекше назар аудармақ. Ол ескі мен жаңаны үйлестіреді деп сенеміз.
Папаны ұлықтауға 250 мыңнан астам тәу етуші келген.
Даниэлла Мора:
- Мен жаңа Рим папасын көру үшін келдім. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Мен жуырда католик дінін қабылдадым. Осы маңызды сәтті көру менің сенімімнің бір бөлігін көрсетеді.
Кейт Макэлви, Әйелдерді тағайындау жөніндегі конференцияның атқарушы директоры:
- Жаңа Рим папасы әйелдер теңдігіне қатысты мәселеге баса назар аударуы тиіс. Өйткені әйелдерді кемсіту бұл – күнә. Біз жаңа Рим папасы мұны тез арада шешуі керек деп айтуға келдік.
Ресми тараптан 30-ға жуық елдің басшысы қатысты. Арасында Украина президенті Владимир Зеленский бар. Сондай-ақ АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бой көрсетті. Олар Зеленскиймен қол алысқан. Ұлықтау рәсімінен кейін Украина президентінің қолын Рим папасы алды.
Сарапшылар католик шіркеуінің жаңа дәуірі басталды деп отыр. Яғни, Рим папасы Лео XIV таққа отыруы – тек діни рәсім ғана емес, бүкіл әлем назарын аудартқан тарихи оқиғаға айналды деуге болады.
Ернат Рахметолла