Жер бетінде 700 миллион адам жарықсыз отыр
Бір күн жарық өшіп қалса, әбігерге түсіп кетеміз. Ал жер бетінде 700 миллионнан астам адам жарықсыз отыр. Оның 80%-і – Африка құрлығының тұрғындары.
Иә, электр қуаты – бұл білім алу, денсаулық сақтау, қауіпсіз өмір сүру. Алайда кей сарапшылар жарықты шамадан тыс қолдану болашақта энергия тапшылығына әкелуі мүмкін деп алаңдайды. Жалпы әлем елдері жарықты қалай үнемдейді?
Жарық жиі өшетін елдер
Энергия тапшылығы ең өзекті мәселе болып отырған аймақ – Сахараның оңтүстігіндегі Африка. Дүниежүзілік банк деректеріне сүйенсек, Оңтүстік Суданда халықтың 7,2%-і ғана электр қуатына қол жеткізеді. Бұл көрсеткіш Чадта 11, ал Бурундиде 12%. Жалпы 600 миллионнан астам адам жарықсыз күн көріп отыр.
Бұдан бөлек, Кариб теңізіндегі Кубада жарық орташа есеппен күніне 8-10 сағатқа дейін өшеді. Елде 20-дан астам жылу электр станциясы бар. Бірақ олардың көпшілігі ескі және жиі істен шығады. Экономикалық санкция салдарынан сырттан отын алу қиындаған. Ал ішкі өндіріс сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сәйкесінше жарықтың болмауы мектептер мен ауруханалар жұмысына, азық-түлік сақтау мен тұрмыстық техниканы пайдалануға үлкен кедергі келтіреді. Бұл мәселені билік баламалы энергия көздеріне көшу арқылы шешпек. Мәселен, күн энергиясын өндіруді арттыру үшін Куба Қытаймен бірлесіп, 50-ден астам күн электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Баламалы энергия көздеріне көшудің тиімділігі
Әлем халқы көбейіп, технологиялар мен өндіріс дамып жатыр. Бұл энергияға сұраныстың күрт өсуіне себеп болды. Дәстүрлі энергия көздері — мұнай, көмір, табиғи газдың мөлшері шектеулі. Оларды көп пайдалану кен қорының сарқылуына әкеледі. Әрі көмір сияқты ластайтын энергия көздерінен бас тарту, жаңартылған энергия көздеріне ауысу уақыт пен инвестиция талап етеді. Дегенмен қазір де баламалы энергияға көшу арқылы бірқатар ел жарықты алаңсыз пайдаланады. Мәселен, Исландия – әлемдегі 100% жаңартылатын энергия пайдаланатын санаулы елдің бірі. Ал Норвегия электрдің 95%-ін гидроэлектр станцияларынан алады. Ал Канада – әлемдегі ең ірі энергия экспорттаушы елдердің бірі. Елде электрдің 60% астамы жаңартылатын көздерден өндіріледі. Сондай-ақ Жапония мен Оңтүстік Корея – озық технология арқасында энергия жүйесін тұрақты және қауіпсіз етуге қол жеткізген мемлекеттер.
АҚШ-та энергияны үнемдеу бағдарламалары бар
Жарықты неғұрлым үнемдеген сайын ол соғұрлым жеткілікті болады. Дамыған елдердің ішінде экономикасы әлдеқайда тұрақты АҚШ-ты алайық. Бұл елде Мемлекеттік деңгейде энергияны үнемдеу бағдарламалары бар. Соның бірі Energy Star – федералды үкімет пен EPA (Қоршаған ортаны қорғау агенттігі) енгізген бағдарлама. Бұл белгі энергияны аз тұтынатын құрылғыларға беріледі. Мысалы: тоңазытқыш, кір жуғыш машина, компьютер. Energy Star бағдарламасы арқылы 2023 жылы америкалықтар шамамен 500 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын үнемдеген. Бұл 100 миллионға жуық көліктің жылдық шығарындыларына тең. Халықтың өзі де жарықты үнемдеуге тырысады. Мәселен, көптеген үйде ақылды термостаттар орнатылған. Бұл бөлме температурасына қарай энергияны автоматты реттейді. Сондай-ақ, энергия үнемдейтін LED шамдарын пайдаланады. Кей штаттарда тұрғындарға энергия үнемдегені үшін жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ ірі қалаларда түнгі уақытта ғимараттардың сыртқы жарықтандыруы азайтылады немесе автоматты түрде өшіріледі. Жалпы энергияны үнемдеу – бұл мемлекетке ғана емес, әр адамға да ортақ жауапкершілік.