Польшадағы президент сайлауының екінші кезеңі маусым айында өтеді
Польшада 1 маусымда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді.
Өйткені алдын ала есептеулер бойынша кешегі саяси додада 13 үміткердің ешқайсысы қажетті 50 пайыздық межеден аса алмаған. Енді екі аптадан кейін солардың ішінен ең көп дауыс жинаған екі кандидат арасында тартыс өтеді. Атап айтқанда басқарушы партияның өкілі әрі ел астанасы Варшаваның мэрі Рафал Тшасковский және ірі оппозициялық партияның мүшесі - Кароль Навроцкий екінші кезеңге өтті. Айта кеткен жөн, Польша парламенттік мемлекет болғанымен өзге елдермен салыстырғанда президенттің өкілеттігі кеңейтілген. Ол үкіметтің заңнамалық бастамаларын бұғаттап, өз заң жобаларын ұсына алады. Елдің ішкі және сыртқы саясатына араласады. Қарулы күштердің бас қолбасшысы саналады. Президент тікелей дауыс беру арқылы 5 жылдық мерзімге сайланады.