Израиль әскері Газаны толықтай өз бақылауына алуға ниетті
Израиль Газа секторын түгел басып алуға ниетті. Бұл туралы премьер-министр Биньямин Нетаньяху мәлімдеді.
БҰҰ-ның бір ай бұрын жарияланған дерегі бойынша еврей елі Газаның 70%-іне үстемдік құрып отыр. Ал 17 мамырда өңірде жаңа ауқымды операция бастап, шабуылдарын үдете түскен.
«Мұндағы мақсат – ХАМАС ұйымын толық талқандау», - дейді өздері. Халықаралық қысым күшейген соң кеше Израиль билігі Газаға гуманитарлық көмек кіргізуге рұқсат етті. Өйткені наурыздың басынан бері әскерилер сырттан келген тауарларды аймаққа өткізбей отырған еді. Олардың айтуынша ХАМАС мүшелері халықаралық көмекті қара нарыққа шығарып сатып, одан түскен ақшаға қару-жарақ сатып алады. Бірақ палестиналық ұйым мұны жоққа шығарып отыр.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Түбінде біздің әскер Газа секторында толықтай өз бақылауын орнатады. Бейбіт тұрғындар қажетті көмегіне қол жеткізеді. Ал ХАМАС мүшелері түк те алмайды. Демек, ұйым өкілдері тұрғындарға жіберілген гуманитарлық көмекті ұрлай алмайды. Соғыс пен жеңіс жоспары осындай.