Коронавирус қайта ушыға ма?

Әлемді әбігерге салған коронавирус қайта келсе қайтеміз? Азия елдерінде белгісіз вирус тарап, науқас көбейген, деп хабарлайды 24kz.

Пандемияның жаңа толқыны әлемде алаңдаушылық туғызып отыр. 

COVID-19-дан кейін алты жылға жуық уақыт өткенде Азияның кейбір аймақтарында вирустың бұл түрі қайта қылаң бере бастады.

Фариза Жанғанаева, тілші:

- Иә, қазір Азияның бірқатар елінде вирус жұқтырып, ауруханада жатқандардың қатары күннен күнге артып келеді.

Азия елдерінде коронавирус тез тарап жатыр. Әсіресе, Гонконг, Сингапур, Қытай және Таиландтағы жағдай алаңдатарлық. Гонконг денсаулық сақтау қызметкерлері COVID-19 індетінің жаңа толқыны басталғанын растады. 3 мамырдағы жағдай бойынша 81 адам вирус жұқтырып, 30-ы қайтыс болды. Сингапурде де ай басынан бері 14200 адам ауру жұқтырып, бір апта ішінде ковидқа шалдыққандар саны 28%-ке артқан. Көбінің ауруы асқынып, ауруханада жатыр. «Вирустың тез тарауына жергілікті халықтың иммунитетінің әлсіреуі себеп», - дейді дәрігерлер. Қытайда да жағдай мәз емес. Ал, Таиландта жағдай сәуір айындағы Сонгкран мерекесінен кейін ушыққан. Қазір екі кластерлік індет анықталып, денсаулық сақтау органдары жағдайды мұқият бақылауда ұстап отыр. 

Йонг Пувораван, вирусолог (Чулалонгкорн университеті):

- Зерттеу нәтижесі COVID-19 вирусының түрлері тез көбейіп жатқанын көрсетті. Сәйкесінше, бұл вирустың түрлі жаңа штамдарының пайда болуына әкеледі. Жаңа штамдар жылдам таралуы мүмкін, бірақ олардың белгілері жеңіл өтеді. Дегенмен, дер кезінде вакцина алу маңызды.

Америкалық ғалымдардың пікіріне сүйенсек, вируспен күресудегі басты фактор вакцинация науқанының толық қамтылуы мен оның сапасы. Дегенмен, қазіргі қолданыстағы вакциналар ұзақ мерзімге жарамайды.

Артур Рейнгольд, профессор (Калифорния университеті):

- Қазір бустерлік екпелер сирек салынады. Адамдар олардың тиімділігіне, әсіресе, вирустың таралуын болдырмау қабілетіне күмәнмен қарайды. Көпшілігі ұзақ мерзімді қауіпсіздікке де алаңдайды, бірақ бұл негізсіз мәселе. Бізде қандай да бір вакцина немесе дәрі-дәрмек бойынша толыққанды ұзақ мерзімді деректер болған емес және болуы да мүмкін емес.

АҚШ-та жаңа вакцина мақұлданды

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек әкімшілігі (FDA) коронавирусқа қарсы жаңа вакцинаны мақұлдады. Дегенмен, шектеулер бар. Яғни, препаратты тек 65 жастан асқан ересектерге, сондай-ақ 12 жастан асқан жеткіншектерге ғана қолдануға рұқсат. Вакцина 30 000 адам қатысқан клиникалық зерттеу кезінде өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясын ресми жариялағалы бес жыл өтті. Осы уақыт ішінде әлемде 700 миллионнан астам адам вирус жұқтырып, 7 миллионы көз жұмған. Осылайша, COVID-19 пандемиясы адамзат тарихындағы ең қатерлі індеттердің біріне айналды. Бұрын-соңды болмаған шектеу шаралары қабылданып, халық бірнеше ай бойы міндетті карантинде болған еді. Сол себепті көпшіліктің алаңдауы заңды құбылыс. Десе де, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйым әзірге ресми мәлімдеме берген жоқ.