Әлем елдерінде оқушылардың жазғы демалысы қалай өтеді?
Енді бірнеше күннен кейін миллиондаған оқушы жазғы демалысқа шығады. Бірақ бұл тынығудың ұзақтығы мен форматы әлем бойынша әртүрлі, деп хабарлайды 24kz.
Оқу демалысы кезіндегі бос уақыт қалай ұйымдастырылады?
Италияда жазғы демалыс 13 аптаға созылады
Италия мен Франция біздің елдегі сияқты 3 айдай демалады. Бұл аптап ыстықпен байланысты. Сондай-ақ сабақ пен тынығу арасында тепе-теңдік болу керек деген қағида бар. Десе де, Еуропадағы ең ұзақ демалыс Италияда. Ондағы оқушылар 13 апта мектепке бармайды. Яғни, демалыс маусымның ортасынан қыркүйектің 15-іне дейін жалғасады. 3 ай ішінде балалар арнайы клубтарға жазылып, тегін шеберлік сабақтары мен үйірмелерге қатысады. Кәрі құрлықта шетелдік тіл курстары да танымал. Ал Скандинвияда табиғат аясындағы демалысқа басымдық беріледі.
Ең қысқа оқу демалысы Азияда
Азия елдеріндегі жағдай мүлде басқаша. Жапония, Қытай мен Оңтүстік Кореяда жазғы демалыс қысқа – 4 аптадан 6 аптаға дейін ғана. Балалар уақытын далада емес, көбіне партада отырып өткізеді. Өйткені бұл елдерде білім бойынша бәсеке өте жоғары және академиялық талаптар тым қатал. Сондықтан балалар жазда да білім алады, озық болуға барын салады.
АҚШ-та оқу демалысының ұзақтығы штатқа байланысты
АҚШ-та оқу демалысының ұзақтығы штатқа байланысты. Әр аймақ өз ережесін бекіте алады. Орташа алғанда америкалық оқушылардың жазғы демалысы 2 айдан асады. Негізі оқу жылы тамызда басталып кетеді. Жалпы бұл елде дамытушы лагерьлерде STEM, бағдарламалау, спорт, өнер және кәсіптік білімге басымдық беріледі. Бастауыш сынып оқушыларын жаз бойы қыдырту үрдісі қалыптасқан. Ал жасөспірімдер ақша тапқанды құп көреді.
Авторы: Ернат Рахметолла