Капитолий ғимаратында бала күту қызметі ашылды
Аналар бөбегін бақшаға емес, жұмысына таси алады.
Бұл бастама АҚШ-тың Флорида штатында жүзеге асып отыр. Капитолий ғимаратының ішінен ашылған бала күту қызметі қыз-келіншектерге осындай мүмкіндік жасады.
Көп балалы ана Фиона Макфарланд қызметіне қайта оралғанына көп уақты өткен жоқ. Ол 3 айлық бөбегін балабақшаға емес, өзімен бірге жұмысына алып келеді. Өйткені Капитолий ғимаратының ішінен бала күту қызметі ашылған. Соның арқасында Макфарландтың көңілі тоқ. Жұмыс барысында сәбиіне алаңдамай бар уақытын жауапты ісіне жұмсайды.
Фиона Макфарланд, Флорида штаты Өкілдер палатасының мүшесі:
- Ана болу және қызметімді қатар алып жүру менің өмірімде көп нәрсені өзгертті. Тұңғышымды сайлау науқаны кезінде босандым, кейінгі балаларым да қызмет бабында дүниеге келді. Сол кезде мен көлік жүйесі, штаттың табиғи апаттан кейінгі жағдайы сияқты мәселелермен айналыстым. Бұл бағыттағы жұмысымды жалғастырып келемін. Бірақ қазір ерте жастағы білім беру және бала күтімі қызметіне көңіл бөліп жүрмін.
Мекеме ішінен ашылған бала күту қызметі көп ананың жұмысы мен тұрмысын қатар алып жүруіне мүмкіндік береді. Сәбиінің сәт сайынғы қылығы мен дамуын да қалт жібермейді. Осы себепті мемлекеттік қызметке үміткер қыз-келіншектердің қатары арта түсті, дейді көп балалы ана.
Фиона Макфарланд, Флорида штаты Өкілдер палатасының мүшесі:
- Әрі ана, әрі палата спикері ретінде қос міндетімді қатар алып жүру мен үшін өте маңызды. Бөбегіме арнайы бөлме беріп, оған күтім жасау үшін алаңдамай отыру мен сияқты әр ана үшін мансап жолында да көтерілуге жақсы қолдау. Мысалға, қазір жұмыста отырып, балама қалай қарап жатыр деп еш уайымдамаймын.
Ратгерс университетінің дерегіне сүйенсек, Флорида штатында заң шығарушылардың 33%-ы – әйелдер. Билік басында отырған қыз-келіншектердің көбеюі ана мен баланың қажеттілігін ескеретін саясатты қолдауға басымдық беріп отыр. Өйткені заң шығарушылар жаңа құжатты өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып қабылдайды, дейді сарапшылар.
Әсия Нұрлыбаева