Араб елдерінде мұнай-газ өндірісі артты

Араб елдерінде мұнай-газ өндірісі артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Сауд Арабиясы мен әмірліктер ғана емес, Оман секілді «ОПЕК+» санатына енетін мемлекеттер әлемдік қара алтын нарығындағы үлесін ұлғайтуға ниетті. Оман сұйытылған газ экспортына айрықша ден қоя бастады және оның мөлшерін 15 млн тоннаға жеткізу жолын қарастырып жатыр.

Әуелі Оман жайлы бірер ақпар. Бұл әмірліктер секілді Араб түбегінде орналасқан мұнай-газ өндіруші мемлекет. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары біртұтас сұлтандық болып құрылған. Маскат – саяси һәм экономикалық орталығы. Отандасымыз Алтынбек Шонашев мұндағы халықаралық компанияда 4 жылдан бері қызмет етеді. Мұнай кеніштерін ұңғылау ісін жетік меңгерген ол сұранысқа сай маман болып отыр. Атырауда және Дубайда еңбек еткен. Енді омандық әріптестерімен кен орындарын тиімді игеруді бастап кетті.

Алтынбек Шонашев, операциялық супервайзер:

- Операциялық супервайзер болып жұмыс істеймін. 4 буровой қондырғының  операциялық жұмысына жауаптымын. Бүкіл аспектілеріне қарайтын боламын. Бүкіл процесті қадағалап отырамын. Мұнай саласына тәуелді деп айтсам болады. Бірақ сол тәуелділігін ығыстыру шараларын жүргізіп жатыр.

Қазақстандық инженердің айтуынша, әлемдік қара алтын нарығы операциялық шығындарды азайтуға түбегейлі бет бұрған. Бұл ретте алдымен цифрландыруға айрықша мән беріледі. Мұнай қорын анықтайтын жүйе, ұңғыма қазатын қондырғы және басқа да керек-жарақтар жұмысы AI технологиясына негізделмесе, өнімділік төмендей береді. Отандасымыздың бұл пікірін халықаралық сарапшылар да құптайды. Бұған дейін Қазақстанда қызмет қылған Марин Кочеич біздегі мұнай өндірісінде жергілікті қызмет көрсетуші компаниялар аз екенін айтады. Оманда да осыған ұқсас жағдай. Көбі шетелден келеді. Билік олқылықтың орнын толтыруға көшкен.

Марин Кочеич, мұнайшы:

- Сөзсіз, мұнай мен газ нарығы пайда көлемі жағынан қашанда көш ілгері болады. Бұл салада әлі «жасыл» жобаларды көптеп жүзеге асыру IT мамандарға қажеттілікті арттыратын болады. Мұндай өзгерісті білікті кадрларсыз елестету қиын. Қара алтын өндірісіндегі компаниялар осы үрдісті жақсы түсінді. Әсіресе жасанды зердеге басымдық беріп отыр. Айтпағым, білім саласына жауапты мекемелер жаңа заманғы мамандар шоғырын қалыптастыруға және сол істі жеделдетуге күш салуы тиіс.

Айта кетейік, Оман тәулігіне 1 миллион баррельден астам қара алтын өндіреді. Араб мемлекеті мұнайға қарағанда сұйытылған газ экспортынан мол табыс табады. Оның мөлшерін 15,2 млн тоннаға жеткізу жөнінде міндет қойылған. Бұл көрсеткіш Араб түбегінде тек Қатар мен әмірліктерде жоғары.

Малик Аяди, жабдықтаушы менеджер:

- Оман секілді Араб түбегіндегі мұнай өндіруші мемлекеттерде логистикалық тәуекелдер аз. Себебі теңіз порттары қолжетімді жерде тұр. Ол қандай да бір өнеркәсіптік қондырғының тасымал шығынын азайтуға сеп болады. Негізгі ерекшелік осы. Теңіз арқылы өнім тасымалдаудың тиімділігін біздің мемлекет жақсы түсініп отыр.

Жаһандық мұнай мен газ саласында баға кейінгі кезде жиі құбылып тұрғанымен, өндіріс пен тұтыну деңгейінде тұрақтылық бар. «Оның пайдасын еселеуге «жасыл» технология мен жасанды зерде жобалары көмектеседі. Сәйкесінше бұл бағытқа инвестиция құюдың тиімділігі орасан», – дейді мамандар.

Авторы: Рауан Мыңбай