Ақ үй мен Гарвард текетіресі ушықты

Дональд Трамп әкімшілігінің талаптарын орындамағаны үшін Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айыруы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Әзірге бұл бұйрық сот шешімімен уақытша тоқтатылды. Алайда сотта Ақ үй жеңсе, әйгілі білім ордасында оқитын студенттердің төрттен бірі визадан айырылады. Немесе басқа университетке ауысуға тиіс.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Ақ үймен ашық шайқасқа шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Бұл жолғы Дональд Трамп әкімшілігінің қарсыласы АҚШ-тың ең бай университеті Гарвард болып отыр. 4 ғасырлық тарихы бар білім ордасын президенттікте 4 жыл 4 ай отырған Трамп түрлі тәсілдермен қыспаққа алып келеді.

Алдымен 2 млрд-тан асатын федералдық қаржыны тоқтатып тастады. Одан соң студенттердің төрттен бірін қамтитын шетелдік білім алушыларды қабылдау лицензиясын алып тастауға бекініп отыр. Алда университеттің салықтық жеңілдіктерін тоқтату да қарастырылған.

Дональд Трамп, АҚШ президенті

- Біз қазір көп нәрсені қайта қарап жатырмыз. Білесіздер, Гарвардқа миллиардтаған доллар төленіп келген. Бұл не деген масқара?! Миллиардтар. Ал оларда 52 миллиард долларлық қор бар. 52 миллиард! Бірақ бұл ел соларға тағы миллиардтаған қаржы төлейді, содан кейін студенттерге несие беріп, олардан қайтаруды талап етеді. Гарвард өз жолын өзгертуі керек. Басқалар да солай. Ал сосын олардың студенттері көшеге шығып, АҚШ-қа қарсы айқайлайды, антисемиттік ұрандар айтады. Бізге бүлікшілер керек емес.

Бүлікшілер деп отырғаны Гарвард кампусындағы 2023 жылғы наразылықтар. Газадағы соғысқа университеттің 34 студенттік ұйымы Израильді кінәлап, ортақ мәлімдеме жасады. Артынша бұл әрекет жаппай сынға ұшырап, сол кездегі Гарвард президенті Клодин Гэй орнынан кетті. Ал Трамптың әкімшілігі билікке келе салысымен осы демонстрацияларды «антисемиттік» деп танып, әрбір қатысушы жайлы ақпаратқа қол жеткізгісі келді. Ал Гарвардтың жаңа басшылығы протестерге қатысты тиісті жұмысты автономды түрде жасап, «Конституционалды дербестігіне тіпті мемлекет басшысы да қол сұқпауға тиіс», - деп қарсы шықты.

Алан Гарбер, Гарвард университетінің президенті

- Бұл әрі заңсыз әрі негізсіз деп айыптаймыз. Бұл шешім Гарвардтағы мыңдаған студенттер мен ғалымдардың болашағына қауіп төндіріп қана қоймай, АҚШ-тағы өзге де университеттердің білім алушыларына қатаң ескерту болып отыр. Біз сотқа ресми шағым түсірдік, алдағы уақытта уақытша тыйым салу туралы өтініш те беріледі. Заң аясындағы барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, біз студенттер мен ғалымдарды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ішкі қауіпсіздік департаментінің сұраныстарына Гарвард бұған дейін тиісті түрде жауап берді. Биліктің уәжі негізсіз, ал шешімінің зияны орасан. Біз шетелдік студенттерімізді қолдауды жалғастырамыз және Гарвардтың әлемге ашық академиялық орда болып қалуы үшін бар күшімізді саламыз.

Қазір Массачусетс федералды соты Эллисон Д.Бэрроуз Трамп әкімшілігінің Гарвардтың халықаралық студенттерді қабылдау құқығын тоқтату әрекетін уақытша бұғаттап қойды. Қазір бұл университетте «Болашақ» бағдарламасымен алты студент білім алса, өзге де бағыттар бойынша елуден аса отандасымыз оқып жатыр деген бейресми ақпарат бар. Солардың бірі – саясаттану мамандығында оқып жатқан Талғат Қабдығали білім ордасында алаңдаушылық басым екенін айтты.

Талғат Қабдығали, Гарвард университетінің студенті:

- Кез келген шешімге дайын болуымыз керек. Әзірге мен Гарвардтағы оқуымды жалғастырамын. Әліптің артын бағамыз. Егер қажет болса онлайн оқуға ауысармыз. Бірақ олай болмаса екен деп отырмыз. Бүгінгі таңда университет басшылығының позициясы айқын. Шетелдік студенттерді қорғайтынын айтты. Визаға қатысты бұйрық шыққан соң 72 сағат күтіп, президент әкімшілігіне тиісті жауабын жолдайды. Қазір әр өзгеріс бойынша хабарландыру алып отырмыз. Жалпы университеттің бізге деген қолдауы жақсы сезіледі. Және мұны барлығы көріп, бақылап отыр.

Расымен де, тек АҚШ емес, бүкіл әлем университет пен президент арасындағы текетіресті мұқият бақылап отыр. Гарвардтың жеңісі америкалық өзге де білім ордаларына академиялық дербестікке қол жеткізу үшін үлкен серпіліс ретінде әсер етуі мүмкін. Ал жеңіліс тапса, АҚШ университеттерінің халықаралық беделіне зор нұқсан келіп, ғылым саласы ақсап қалуы әбден мүмкін. Ендігі төрелік сот залында айтылады.

Авторы: Ердана Ержанұлы