Таяу Шығыста туризм қарқынды дамып келеді

Таяу Шығыста туризм секторы қарқынды дамып келеді.

Биыл оның өңірлік экономикадағы үлесі 370 млрд долларға жетеді.

Араб мемлекеті тек қажылық сапарымен шектеліп қалмай, демалыстың барлық түрін дамытуды қолға алған. Нәтижесінде елге жылына миллиондаған турист келетін болды.

Саудия жері әлемге қасиетті Мекке және Медина қалаларымен әйгілі. Қос киелі мекен дүниежүзінен миллиондаған мейман тартады. Корольдік қажылық жасаушылар санын бұрын жылына 8 млн-нан асырмайтын. Қазір көрсеткіш 10 есе өскен. Мемлекет қара алтынның сарқылатын ресурс екенін ескеріп, қатаң тәртіп, қасаң қағидаларын жеңілдетіп жатыр. Бас қаласы саяси һәм спорттық-мәдени іс-шаралар алаңына айналған. Кейінгі 3 жылдан бері Сауд Арабиясы Таяу Шығыстың туризм секторында көш бастап келеді.

Ахмед әл Хатиб, Сауд Арабиясының туризм министрі:

- Туризм әлемдік экономикада қарқынды дамып келе жатқан әрі халықтарды біріктіруші әлеуетке ие салаға айналды. Әрбір оныншы жұмыс орны осы секторда ашылады. Жаһан дамыған сайын демалыс бағыты да алға жылжуға тиіс. Біздің мемлекет осы мақсатта ғаламдық «TOURISE» платформасын іске қосты. Ол барлық мүдделі тарапты біріктіреді. Саяхаттаушылардың сұранысына қарай өзгерістерді, технологиялық шешімдерді бейімдеп, туризмді тұрақты дамуға бастайды.

Араб мемлекетіне былтыр 100 млннан астам саяхатшы келген. Одан түскен пайда ел экономикасын 5 пайызға өсірді. Енді 150 млнға жеткізу көзделген. Мұның барлығы ресми Эр-Риядтың мұнайға тәуелділікті төмендету жөніндегі бастамасына толықтай сай. Жалпы өңірдің туризм секторында 7,7 млн жұмыс орны болса, соның 3 миллионы Саудия жерінде ашылған.

Джулия Симпсон, Дүниежүзілік туризм және саясат кеңесінің бас директоры:

- Туризм секторының жаһандық экономикадағы үлесі 12 триллион долларға таяп қалды. 2035 жылға қарай көрсеткіш 16,5 триллионға жетеді. Осындай өсімге дайын болуымыз керек. Мемлекет пен жеке сектор біріккен және ивнесторлар мен өнертапқыштар ойы бір жерден шыққан жағдайда демалыс бағыты баршамызға тиімді болады. 

Мәліметке сай биыл саяхат саласы аймақ елдеріне 370 млрд долларға жуық пайда әкеледі. Көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңнен асып тасуы мүмкін. Әмірліктер мен Қатар да ахуалдың оң бағытта өзгеруіне ықпал етіп отыр. Бұл араб елдерінің қара алтын өндірісінен басқа да салаларда мол табысқа кенеліп жатқанын көрсетеді. «Соның ішінде туризмнің үлесі айтарлықтай артқан», - дейді мамандар.

Рауан Мыңбай