Кореядағы туристік көрмеде Алматы павильоны үздік болып танылды

Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық көрмеде Алматы павильоны үздік деп танылды.

Азиядағы ең ірі туристік көрмелердің бірі — Seoul International Tourism Fair маусымның 5-і мен 8-і аралығында өтті. Осы уақыт ішінде көрмені 120 мыңнан астам адам тамашалады. 

Көрме қонақтарына Алматы делегациясы шағын концерт беріп, қазақтың  ұлттық тағамдарынан дәм татқызды. Келушілерге сәндік-қолданбалы өнеріміз таныстырылып, ұлттық киімдерді киіп көру ұсынылды. Қазақстандық туроператорлар сеулдіктерді Алматының көрікті жерлерімен таныстырды. Оңтүстіккореялық туристер арасында Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Қайыңды көлі және Шымбұлақ тау шаңғысы курорты үлкен сұранысқа ие. Көрме қонақтары VR-көзілдірік арқылы Алматыға виртуалды саяхат жасады.

Ли Кван Чин, Сеул қаласының тұрғыны:

- Мен Қазақстанда Алматы мен Маңғыстау облысында болдым. Каспий теңізін көрдім. Маған бәрі ұнады. Табиғаты керемет, адамдары мейірімді. Мен достарыма да Қазақстанға баруға кеңес бердім.

Көрме барысында Алматы делегациясы шет елдерден келген әріптестерімен кездесіп, туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізді.

Мақпал Әбдіқадыр, Алматы қаласы туризм басқармасының бөлім басшысы:

- 2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы 2 миллион 300 мыңнан астам турист келді. Оның ішінде шетелдік туристер 686 мың 300. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 27пайызға жоғары. Осы туристік көрмелерге қатысу арқылы Алматы қаласы ірлергету арқылы ағымдағы жылы туристер санын ұлғайту жұмыстары жүргізулуде.

Көрмеде туроператорлар сертификаттар мен жеңілдік купондарын ұтысқа салды. Жеңімпаздар осы жазда Алматыға тегін сапарлай алады. Алматы қаласы туризм басқармасының хабарлауынша, биыл мегаполиске 790 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп күтілуде. 

Владислав Цой, Ольга Лян