Жер шарындағы халық жылына 15 млрд литрден аса балмұздақ жейді

Италияда джелато, Үндістанда кулфи, түріктерде дондурма. Мұздатылған тәттінің атауы әртүрлі болғанымен, оған бәрі құмар. Сұраныс төмендеген емес, қайта артып келеді.

Мысалы АҚШ 2023 жылы шамамен 5 млрд литр балмұздақ өндірген. Бірақ мұздатылған тәттіні көп жейтін америкалықтар емес. Әлемде балмұздақты нан секілді жейтін ел Жаңа Зеландия. Ал балмұздақ өндірісі де, өнімді тұтыну да жыл сайын ұлғайып келеді.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Тәтті десертті тұтыну жер шарында ұлғаймаса, кеміген жоқ. Әсіресе, жаз айларында өнімге сұраныс жоғары. Құрамындағы қоспалардың қымбаттауына байланысты кей елдер балама жолын ойлап тапқан.

 ***

Әр жаңазеландиялық жылына 28 литр балмұздақ тұтынады

Әлемдегі ең ірі балмұздақ өндіруші әрі жиі тұтынушы ел – Жаңа Зеландия. Мұнда әр адам жылына орташа есеппен 28 литр балмұздақ тұтынады. 2021 жылы бұл елдің өнім экспорты 58 млн АҚШ долларына жеткен. Оның 70%-ін Жапония мен Қытайға жөнелтті. Экспорт көлемінің артуы мен ішкі сұраныстың өсуіне байланысты балмұздақ өндірісі Жаңа Зеландияда қарқынды дамып келеді. Бар болғаны 5 миллион халқы бар аралда бір ғана балмұздақ өндірісі мыңдаған жұмыс орнын ашуға сеп болып отыр. Жақында жергілікті кәсіпорындар ешқандай сүт өнімін қолданбай, гүлді қырыққабаттан мұздатылған десерт өндіруді қолға алды. Бұл экологиялық таза әрі зияны жоқ. Тәттіге аллергиясы бар адамдарға қауіпті емес.

Мринали Кумар, құрылтайшы:

- Гүлді қырыққабат дәміндегі балмұздаққа сұраныс Жаңа Зеландияда аса қатты байқалмайды. Бірақ АҚШ-та мыңдаған тұтынушы өнімге қызығушылық танытып отыр.

Балмұздақты көп тұтынатын елдер

АҚШ демекші, америкалықтар балмұздақ тұтыну бойынша жаңазеландиялықтардан кейін екінші орында тұр. Жылына әр АҚШ тұрғыны шамамен 21 литр десерт жейді. Ал өндіріс көлемі – 3,2 млрд литр. Мұнан соң балмұздақты австралиялықтар сүйіп жейді. Әр Австралия азаматының жылдық орташа тұтыну көлемі – 18 литр. Финляндия, Швецияда да мұздатылған өнімге сұраныс жоғары.

 ***

Биыл біраз елде балмұздақ қымбаттады

Өнімге сұраныс артқан сайын баға көтеріліп барады. Биыл әлемнің біраз елінде балмұздақ қымбаттады. Өйткені оның негізгі қоспасы кокос сүтінің бағасы аспандап кеткен. Бұған Филиппин мен Үндістандағы қолайсыз ауа райы себеп. Бұлар кокос сүтін өндіруші негізгі елдердің бірі. Құрғақшылықтың кесірінен аймақта өнім аз жиналып, ел үкіметі экспортты былтырға қарағанда екі есе қымбаттатқан. Биыл тоннасы 2800 доллардан саудаланып жатыр. Мұның әсерін Ұлыбритания қатты сезініп отыр. Корольдік нарығында балмұздақ бағасы биыл 7,6%-ке бірден көтерілген. Сарапшылар келер жылы да Эль-Ниньо құбылысы сақталып, десерт қымбаттаған үстіне қымбаттай береді деп болжап отыр.

Оңтүстік Австралияда балмұздақты жарнамалауға тыйым салынды

Әлем елдерінде балмұздақ өндірісі қарқын алып жатса, Оңтүстік Австралия үкіметі керісінше, өнімді жарнамалауға ресми түрде тыйым салды. Соған сәйкес, мұздатылған десертті қоғамдық көлікте үгіттеп, насихаттауға болмайды. Бұл тізімде тағы шоколад, кәмпит, десерт, алкогольсіз сусындар, чипсы сияқты зиянды өнімдер бар. Тыйым 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Билік бұл бастаманы дұрыс тамақтануды насихаттау мақсатында қолға алып отыр. 

Үндістанда кәсіпкерлер кір жуғыш ұнтақтан балмұздақ өндірген

Алаңдауға негіз бар. Жақында Үндістанның Бангалор қаласында балмұздақ құрамынан кір жуғыш ұнтақ табылды. Балмұздақ және салқындатылған сусын өндірісімен айналысатын жергілікті кәсіпорындар гигиеналық талапты сақтамай, сапасыз өнім сатқан. Пайда көрмек болған өндірушілер балмұздақтың сыртқы пішінін креммен безендіру үшін құрамына кір жуғыш ұнтақты қосыпты. Ал салқындататын сусынды көпірту үшін фосфор қышқылын қолданған. Сорақысы сол, шығынды азайту үшін кәсіпкерлер өндіріске крахмал, кір жуғыш заттардан жасалған синтетикалық сүт пайдаланыпты.

Балмұздақты күнде жеу денсаулыққа зиян

Балмұздақ шыжыған ыстықта сергітетін тәтті десерт. Дегенмен, оны күнделікті тұтыну денсаулыққа зиян. Оның құрамында артық қоспалар мен қант мөлшері тым көп. Бұл адам ағзасындағы қант деңгейін көтеріп, диабет, жүрек ауруларына шалдықтыруы мүмкін. Сол себепті мамандар балмұздақты негізгі тағамнан кейін десерт ретінде аз мөлшерде тұтынуға кеңес береді. Дүкендегі балмұздақтан гөрі үй жағдайында мұздатылған жеміс-жидекті жеу әлдеқайда пайдалы. Ол табиғи, таза әрі құрамында қанты аз.