Үндістанда ұшақ апатынан 110 адам қаза тапты

Үндістанда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, кемі 110 адам қаза тапты.

Бұл туралы ақпарды жергілікті Таймс Нау ((TimesNow)) телеарнасы таратты. Аман қалғандар да бар. Бірақ олардың нақты саны әзірге белгісіз. Ахмедабад қаласынан Лондонға бет алған "Боинг-787" әуе көлігі жерден көкке көтеріле алмай, бірер секунд ішінде дәрігерлер жатақханасының үстіне құлаған. Қазір құтқарушылар үйінділер астынан 30-дан аса адамның денесін шығарды. Ресми деректерге қарағанда, ұшақ бортында 242 адам болған. Олардың 12-сі экипаж мүшелері. Жолаушылардың дені Үндістан, Ұлыбритания, Канада және Португалия азаматтары.  Қазір жергілікті әуежай жұмысын уақытша тоқтатты. Ұшақ тиесілі "Эйр Индиа" әуе компаниясы апаттың мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді.