Испанияда жұмыс аптасының уақыты қысқартылады

Испанияда жұмыс аптасының уақыты ресми түрде 40 сағаттан 37,5 сағатқа дейін қысқарады. Шара үкімет пен кәсіподақ ұйымдары биыл бірлесіп бекіткен жаңа заң жобасы аясында жүзеге асады. Өзгеріс келесі жылдан бастап күшіне енеді.

Испанияда жұмыс аптасын қысқарту идеясы соңғы 100 жылда күн тәртібінен түспеген тақырып. Еңбек уақыты алғаш рет 1919 жылы Барселонада жұмысшылар қозғалысы нәтижесінде 48 сағаттан 44 сағатқа қысқартылды. Сөйтіп, жалпыға бірдей 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді. Бұл Испанияны әлемдегі тең құқылы еңбек реформасын жүзеге асырған тұңғыш мемлекеттің бірі етті. Бірақ 2000 жылдан бастап елде жұмыс аптасын өзгерту туралы мәселе қайта көтеріліп, қалаларды шерулер жиіледі. Наразылық ондаған жыл жалғасып, биыл ақпан айында билік пен кәсіподақ еңбек заңын реформалауға келісті.

Йоланда Диас, Испания Еңбек және әлеуметтік экономика министрі:

- Испания еңбек жағдайын үнемі назарда ұстап, жетілдіріп отыратын мемлекеттің бірі. Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, 1982-83 жылдары да жаңа демократиялық кезеңде жұмыс уақыты 44-тен 40 сағатқа дейін қысқартылған еді. Сол уақыттан бері, яғни 40 жыл бойы заң жобасы өзгертілмеді. Бірақ биыл Испания үкіметі, министрлік және кәсіподақ ұйымдары бірігіп, тағы бір нәтижеге қол жеткізді.

Жаңа қабылданған ережеге сәйкес Испанияда жұмыс аптасы ресми түрде 40 сағаттан 37,5 сағатқа дейін қысқартылады. Өзгеріс 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Жұмыс сағаты қысқартылғанымен, жалақы өзгеріссіз сақталады. Ережені бұзған компаниялар 10 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Сонымен қатар «Digital disconnect» заңы енгізіліп, жұмыс уақытынан тыс қоңырауларға тыйым салынады.   

Дэвид Санчес, кәсіподақ ұйымының қызметкері:

- Заманына қарай еңбек заңы да өзгеріп отыруы тиіс. 40 жыл бойы сол қалпында тұрған заң ақыры ауыстырылды. Бұл біздің құқығымызды қорғаушы кәсіподақ ұйымдарының үлкен еңбегі деп айтар едім.

Жаңа заң бойынша барлық жұмыс берушілер осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жаңа режимге көшіп үлгеруі қажет. Реформа 12 милионнан астам еңбек адамын қамтығалы тұр. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач