Испания қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды

Төрткүл дүние көз тіккен АҚШ, Иран, Израиль қарым-қатынасы күн сайын күрделеніп барады, деп хабарлайды 24kz.

Әсіресе, еврей елі ислам республикасының ядролық белсенділігін қатты сынап, Вашингтоннан Тегеранға санкцияларды күшейтуді сұрайды. Газадағы ахуал да қатты шиеленісіп тұр. Осы ретте Кәрі құрлықтағы Еуроодақтың ұстанымы қандай?

Аида Қыдырбай, тілші:

- Еуроодақ, оның ішінде Испания қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды. Мысалы жақында ғана Израиль мен Иран арасындағы текетіресті «ескірген драматургия» деп сипаттап, екі мемлекетке де дереу дипломатиялық шешім іздеуді ұсынды. Ресми Мадрид Тегеранға ашық қолдауын көрсеткен емес. Дегенмен, биік мінберлерден Израиль әрекетін үнемі сынап отырады. Бір жыл бұрын Испания Палестинаны егемен мемлекет ретінде ресми түрде мойындады.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Испания әлемде Палестинаны егемен мемлекет ретінде таныған 140-тан астам елдің қатарына қосылды. Бұл Израильге қарсы бағытталған шешім емес. Керісінше, біз Израиль халқымен достық қарым-қатынасымзды сақтай отырып, бейбітшілікке қол жеткізуді қалаймыз.

Жалпы Испания 2023 жылдан бері Палестинаға қаржылық көмекті үш есе арттырып, гуманитарлық және даму жобаларына 114 миллион еуро бөлді. Ал жақында ресми Мадрид Палестинаға көмек әрі қарай жалғасатынын мәлімдеді.

Испания мен АҚШ НАТО шеңберінде одақтас мемлекеттер. Бірақ Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты екі елдің қазіргі қарым-қатынасы күрделі. Өйткені ресми Мадрид кейде қауіпсіздік және халықаралық құқық тұрғысынан өзінің жеке позициясын ұстанады. Алпауыт мемлекеттің Қызыл теңіздегі операцияларын қолдамайды. Израильдің әрекеттеріне гуманитарлық жағдайды алға тартып наразылық танытып отырады. Мысалы, Испания еврей елінің Газа мен Ливанға қарсы шабуылдарын ашық айыптады. Ал Иранға келетін болсақ Мадридтің бұл елге санкцияларды қолдауы Вашингтонның аймақтағы стратегиясымен үндеседі. Бірақ Испания ядролық мәселені шешуде көпвекторлы диалогқа басымдық береді.

Авторы: Аида Қыдырбай