АҚШ-тың қай штаттарында мигранттар ең көп шоғырланған?
АҚШ-та экс-президент Джо Байден билік еткен жылдары мигранттар ағыны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті, деп хабарлайды 24kz.
Қазір халықтың 15%-і өзге елдің азаматтары. Яғни, 50 миллион адам деген сөз. Сарапшылар мұндай көрсеткіш 1890 жылдан бері тіркелмегенін алға тартады.
Статистикаға сүйенсек, мигранттардың басым бөлігі Калифорния штатында қоныстанған. Қазір мұнда 10,5 миллион мигрант тұрып жатыр. Сондай-ақ Нью-Йорк, Техас, Флорида штаттарындағы мигранттардың саны 4 миллионнан асады.
Америкада қай елдің азаматтары көп?
Шекара асып, Америкада жайлы өмір сүруді қалайтындардың қарасы көп. Статистиканы сөйлетсек, тізімде Мексика азаматтары бірінші тұр. Жалпы мигранттардың 23%-і осы елдің үлесінде. Ал, екінші орында Үндістан, артынша Қытай, Филиппин, Сальвадордан барған мигрант саны көп. Брукингс институтының сарапшылары бұл көрсеткішке қарап, ел экономикасына ешқандай салмақ түспейтінін айтады.
Керісінше, еңбек нарығын реттеуде көші-қон үдерісі тиімді тетік болмақ. Мәселен, 2 жыл бұрын еңбек нарығындағы шетелдіктердің саны америкалықтардың санынан басым түсіп, 1 миллион 700 мың адамға жеткен.
Қазір АҚШ-та 50 миллионға жуық мигранттың 17,7%-і, яғни 30 миллионнан астамы жұмыс істейді. Олардың дені ауылшаруашылығы, құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Сондай-ақ жүк тасымалы мен қойма ісіндегі қызметкерлердің басым бөлігі мигранттар.