Иран Израильді зымыранмен атқылады

Иран да бүгін түнде Израиль аумағын зымырандармен атқылаған.

Салдарынан 4 адам қаза тауып, 70-тен астамы жарақат алды. Еврей елінің қарулы күштері зымырандардың көбін атып түсіргендерін айтады. Дегенмен бірнешеуі ел аумағына, соның ішінде Тель-Авивке жеткен.

Жергілікті әскерилер Ислам республикасының шабуылынан ірі материалдық шығын келгенін хабарлайды. Естеріңізде болса, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранның ядролық бағдарламасына қарсы операциясын бастап кетті. Сөйтіп 200 жойғыш ұшақпен Ислам республикасының аумағындағы 100-ден аса нысанды соққылады. Арасында баллистикалық зымырандар жасайтын орындар мен уранды байыту зауыты және жоғары лауазымды әскрилердің жасырынған орындары бар. Салдарынан 80-ге жуық адам қаза тауып, 300-ден астамы жараланды. Бұл туралы БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің отырысында Иран елшісі хабарлады. Жауап ретінде Тегеран да зымырандармен Израиль аумағын атқылады. Бұдан бөлек Си-Эн-Эн телеарнасының хабарлауынша, Иран әскерилері Таяу Шығыстағы елдер Израильге көмек көрсетсе, олардың базаларын соққылайтынын ескерткен.