Қытай Израиль-Иран шиеленісін реттеуге мүдделі

Қытай Израиль мен Иранды шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырды. Тіпті мәселені реттеуде арағайындық танытуға даяр. Айта кетейік, Қытай мен Иран арасындағы байланыс соңғы уақытта тереңдей түсті. Екі жақ энергетика саласында 25 жылдық келісім жасасты. Яғни Бейжің Иранға 400 млрд доллар инвестиция салады. Есесіне Тегеран Қытайды энергетикалық шикізатпен қамтамасыз етуі тиіс. Сарапшылар: «Бұл Бейжің үшін саяси ғана емес, сондай-ақ энергетикалық мүдделерін қорғау әрекеті», – деп санайды.

Го Цзякунь, ҚХР СІМ ресми өкілі:

- Біз барлық тарапты қақтығысты шешуге бағытталған шара қабылдауға, аймақтық тұрақтылықты теңселтпеуге және мәселені диалог арқылы шешуге шақырамыз. Осы бағытта Қытай Иран және Израильмен тығыз байналыс орнатты. Шиеленісті бейбіт жолмен шешуге күш салуға дайынбыз.

Ресей де арағайын болмақ

Таяу Шығыстағы ахуал жаһандық нарыққа үлкен соққы болары анық. Сондықтан Ресей шиеленісті диалог арқылы шешу қажет деп санайды. Осы ретте Кремль басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу арағайындық танытуға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей қақтығыстың себебін жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.