Пентагон Иранға жасалған шабуыл жайын мәлімдеді

АҚШ Қорғаныс министрлігі Иранға жасалған шабуыл жөнінде есеп берді. Пентагон өкілдері брифингте  бұл миссияның нақты мақсатпен жасалғанын және сәтті өткенін мәлімдеді.

Қорғаныс министрі Пит Хегсет операцияның  соғысқа ұласар-ұласпасын,  алдағы жүрістің қалай боларын баяндады.  Тіпті «режим ауысуы мүмкін бе?» деген сұрақтарға жауап берілді.

Midnight Hammer, яғни «түнгі балға» деп аударылатын операция  B-2 бомбалаушы  ұшағының ең ұзақ ұшу миссиясы ретінде және бункер жарғыш бомбалардың іс жүзінде алғаш қолданылған бойынша тарихта қалды. Жексенбі сағат 08:00-де өткен брифингте Пентагон басшылары осылай деді. Бұл миссияның нақты қай уақытта басталатынын Вашингтондағы бірнеше адам ғана білген. Өте құпия болған. Маусымның 20-сынан 21-іне қараған түнде бұрғылаушы функциясы бар бункер жарғыш бомбаларды тастаған B2 ұшақтары АҚШ-тан Атлант мұхитын кесе отырып, Таяу Шығысқа бағыт алған. 18 cағаттық сапар барысында бірнеше рет миссия үстінде жанармай құю операцияларынан өткен. «Миссия өте тосын өткеннен ирандық тарап қарсы жауап беріп үлгермеді», - деді БАҚ алдында мәлімдеме жасаған генерал Дэн Кейн.

Дэн Кейн, әуе күштерінің генералы, Біріккен штабтар комитетінің төрағасы:

- Миссия барысында  АҚШ-тың  әскери ұшақтарына  шабуыл жасалғаны  жөнінде әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Вашингтон  уақыты бойынша сағат 14:10-да, Иран уақытымен түнгі 02:10-да алдыңғы шептегі B-2 бомбалаушы ұшағы Фордоу ядролық нысанына алғашқы соққы ретінде екі GBU-57 үлгісіндегі аса қуатты фугас бомбаларын тастады.  Бұдан кейін қалған бомбалаушы ұшақтар да белгіленген нысаналарға соққы берді – барлығы екі ядролық кешенге қарсы 14  бункер жарғыш бомба қолданылды. Үш бірдей Иран ядролық инфрақұрылымы АҚШ-тың Шығыс уақытымен кешкі 18:40 пен 19:05 аралығында, яғни Иранда таңғы сағат 10 шамасында  асқан  дәлдікпен жойылды. Соңғы соққы Исфахандағы нысанаға бағытталған Tomahawk қанатты зымырандары арқылы жасалды. Миссия тосыннан орындалды.

Осыдан кейін  операцияға  қатысқан соққы тобы Иран әуе кеңістігінен сәтті шығып,  АҚШ-қа қайта бет алды. Әуе кеңістігінен шыққан сәтте де оларға қарсы оқ атылғаны тіркелмеген. Иран әскери ұшақтары  да, зениттік-зымырандық қорғаныс жүйелері  де жауап бермеді не байқамай қалды деп топшылады генерал Кэйн. Бұдан соң журналистер Пентагон басшысына америкалық ардагерлердің уайымын жеткізді. Соғыс көрген бұрынғы әскерилер АҚШ тағы бір майданға еріксіз кіріп бара жатыр ма? Бұл операция таяу шығыстағы өзге де миссиялар секілді соңы жоқ қасіретке айнала ма деп сұрағанда Пит Хэгсет былай деп жуап берді.

Пит Хегсет,  АҚШ Қорғаныс министрі:

- Президенттің нақты нұсқауына сәйкес, бұл операцияның шегі бар – ол созылып кетпейді. Алайда біз өзіміздің мүмкіндіктерімізді шектеп отырған жоқпыз. Қажет болса, жауап қатамыз. Әлемдегі ең қуатты армия өз азаматтарын қорғауға толық әзір. Президент бізге Иранның ядролық әлеуетін жоюды көздеген нақты тапсырма жүктеді. Нысана сол болды. Соққы  сәтті жасалды. Бұл жан-жақты және шешуші әрекет болды. Иран билігі осыны анық ұғынуы тиіс. Кеше түнде Президент мәлімдегендей, біз соғыс емес – бейбіт жолды қалаймыз. Бұл мәселе келіссөз үстелінде шешілуі тиіс.

Осыдан 67 күн Иран билігіне «бейбіт бітімге келейік, келіссөзді аяқтауға 60 күн берем» деп Трамптың айтқаны бар. Екі айда іс насырға шаппай, 61-күні Израильдің алғашқы шабуылына куә болды. Одан соң міне АҚШ-та іске араласып кетті. «Фокс ньюс» арнасына берген  сұхбатында Марко Рубио «біз Иранға мәселені атыс шабыссыз шешуге жеткілікті мүмкіндік бердік, бірақ Тегеран салғырттық танытты, мәмілеге келмеді» деп айыптады. Бұл шабуыл Иран халқына не әскеріне емес, Иранның билігіне жіберілген белгі деп мәлімдеді. Біраз бұрын Дональд Трамп Ирандағы режимді ауыстыру термині саяси тұрғыда дұрыс емес термин екенін айта келіп, басқарушы билікті ысырып тастауды көздемейтінін, алайда қажет болса, оны да жасап, Иранды қайта көркейген ел ретінде Make Iran Great Again жасамаймыз ба деп желіде пост жариялады. Әзірге бұл сөзі де алдыңғы бомбалауға қатысты посттар сияқты жүзеге аса ма жоқ па, уақыттың еншісінде болып тұр.

Халық тұтынып отырған ақпаратына қарай екіге бөлінді. Бірақ АҚШ-тың тағы бір соғысқа аяқ басуына наразы жұрт көп. Мысалы бүгін ғана Вашингтон, Сан Франциско секілді қалаларда жұрт ереуілге шығып, Трамп билігінің шешіміне қарсы шықты. Конгресс те әдеттегіше екіге бөлінді. Республикашылдардың бір парасы Трампты толық қолдаса, енді бір жағы Ирандағы соғысқа АҚШ-тың араласуына наразы. Демократтар бомбалауға қатысты шешімді конгресс қабылдауы тиіс деп, АҚШ Президентінің шешімін заңсыз деп отыр.