Д. Трамп: Иран мен Израиль бітімге келді

Иран мен Израиль бітімге келді. АҚШ президенті Дональд Трамп осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, екі тарап қақтығысты ресми түрде тоқтатуға дайын екенін айтқан. Бейбіт келісім аясында алдымен Иран атысты доғарады. Сосын 12 сағаттан кейін Израиль де тынышталады. «24 сағат өткен соң бұл соғыс ресми түрде аяқталады», – деп жазды өзінің парақшасына АҚШ президенті.

Иранның Қатардағы америкалық әуе базасына жасаған шабуылы жөнінде Ақ үй не дейді?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін қатарынан бірнеше маңызды мәлімдеме жасады. Күтпеген жерден Иран мен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісіміге қол жеткізгенін жария етіп, оны тарихи жетістік ретінде бағалады. Президент: «Бұл соғыс ондаған жылға созылып, бүкіл Таяу Шығысты күйретуі мүмкін еді, бірақ оған жол берілмеді», – деп жазды.

«Баршаңызды құттықтаймын! Израиль мен Иран арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілді. Қазіргі уақыттан шамамен алты сағаттан кейін, екі тарап та жоспарланған соңғы әскери операцияларын аяқтаған соң күшіне енеді. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, мен Иран мен Израильді бұл «12 күндік соғысты» аяқтауға жеткізген табандылығы, батылдығы мен парасаты үшін құттықтағым келеді» — Дональд Трамп,  АҚШ президенті

Бітімге келу процесін Дональд Трамп былай сипаттады: Алдымен Иран атысты тоқтады. 12 сағаттан кейін Израиль оқ жаудыруды доғарады. Осы постты президент: «Құдай Израильге, Иранға, АҚШ-қа, Таяу Шығысқа және бүкіл әлемге жар болсын», – деген батасымен аяқтады.

Бұл постқа дейін президент  Иран тарапынан Қатардағы америкалық әуе базасына жасалған соққыларға қатысты да пікір білдірді. «Кешегі бункер жарғыш бомбаларға Тегеранның жауабы әлсіз болды», – деді. Сондай-ақ шабуыл жөнінде Иран АҚШ-қа алдын ала хабар беріп ескерткен екен. «Сондықтан Ираннан атылған 14 зымыранның 13-і атып түсірілген, ал біреуі қауіп төндірмегендіктен, әдейі өткізіп жіберілген», – деп хабарлады Ақ үй басшысы. Ешбір америкалық сарбаз немесе азамат зардап шекпеген. Сонымен қатар Трамп Катар әміріне алғыс білдіріп, америкалық базаға жасалған шабуыл кезінде америкалықтар да, катарлықтар да зардап шекпегенін хабарлады.  Қатарлық дипломаттар Иранның бітімге келуіне тікелей себепкер болғаны да қазір батыстық БАҚ беттеріне шыға бастады. Бірақ ирандық медиа бейбіт келісім жөнінде жақ ашпады. Ондағы негізгі тақырып Израильдің әлі де жалғасып жатқан шабуылы болып отыр.

Осыдан біраз бұрын Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев Иранға қарсы жасалған америкалық шабуылды сынағаны да белгілі болды. Бұған қатысты Дональд Трамп үнсіз қалмаған шығар?

Әсіресе ядролық қаруға қатысты Ресей саясаткерінің сөздері Дональд Трамптың құлағына түрпідей тиген сияқты. Біраз бұрын Telegram арнасында Дмитрий Медведев Иранның ядролық техникаларына қатты зақым келмегенін, әлдебір елдерің Тегеранға ядролық оқтұмсықтарды бере алатынын, АҚШ тағы бір соғысқа бет бұрып, құрлыққа әскер шығаруы мүмкін екендігін айтқан еді. Оған Трамп: «Мен Ресейдің бұрынғы президенті Медведевтің «ядролық» деген сөзді оңды-солды айтып, өзі мен өзге мемлекеттердің Иранға ядролық оқтұмсықтар беруге дайын екенін айтқанын естідім бе, әлде бұл маған ғана елестеді ме?», – деп таңғалғанын мысқылдады. Бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеруді тапсырып, қазіргі Кремль басшысын негізгі бастық деп есептейтінін айтты.