Ормуз бұғазының жабылуы әлемді энергетикалық дағдарысқа ұшырата ма?
Таяу Шығыстағы аласапыран мұнай бағасын бір көтеріп, бір түсірді. Израильдің Иранға шабуылы аймақта ғана емес, әлемде дүрбелең туғызды. Енді Ормуз бұғазы жабылса, жаһандық энергетика қандай күйге түспек?
Мұнайдың бестен бірі дәл осы су жолы арқылы тасымалданады. Егер бұғаз жабылса, әлемдік нарықта мұнай бағасы шарықтап, инфляциялық қысым артуы мүмкін. Таяу Шығыстағы ахуал мұнай экспорттаушы елдер үшін қиынға соққалы тұр.
Мұнай бағасы АҚШ-тың Иранның негізгі ядролық нысандарын атқылағаннан кейін күрт көтерілген. Бірақ кеше Иран Қатардағы америкалық базаны соққылағаннан соң мұнай бағасы қайта төмендеді.
Мұнай бағасы құлдырады
Мұнай бағасы күтпеген жерден төмендеді. Жексенбі күні АҚШ Иранның ядролық нысандарын соққылағаннан кейін Brent мұнайы кейінгі бес айда ең жоғары деңгейге жетті. Сарапшылар: «Бұлай кете берсе, 100 долларға жетеді», – деп кесіп-пішкен еді. Бірақ бүгін түнде Иран Қатардағы америкалық базаға қарымта қайтарған соң қара алтын күрт құлдырап, 74 долларға бір-ақ түсті. BBC телеарнасы осылай деп хабарлады. Олардың мәліметіне қарағанда АҚШ-тағы мұнай бағасы да 7% төмендеді. Сарапшылар мұны Иранның Америкаға қарсы тойтарыс беруімен байланыстырады. Қазір қара алтын құны қаңтар айындағы деңгейден де төмен болып тұр.
Энди Липов, Lipow Oil Associates компаниясының өкілі:
- Біз нарық ашылған кезде мұнай бағасының 80 доллар деңгейінде болуын күтеміз. Америкалық мұнай бағасы осы жылдың қаңтарынан бері 80 доллардан жоғары болған емес. Өткен жылдың тамыз айынан бері баррелі 60 пен 75 доллар арасында өзгеріп отырды.
Бұғаз жабылса, мұнай ағыны тоқтай ма?
Дегенмен Ормуз бұғазы жабыла ма деген қауіп те жоқ емес. Goldman Sachs сарапшыларының болжамына сүйенсек, бұғаз арқылы өтетін мұнай тасымалы бір ай ішінде екі есеге қысқарып, ал алдағы 11 айда 10% дейін төмендеуі мүмкін. Бұл жағдайда Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 110 долларға дейін шарықтауы ықтимал. Өйткені Ормуз бұғазы – Иран мен оның Парсы шығанағындағы көршілер арасындағы стратегиялық теңіз өткелі. Осы бағытпен күніне шамамен 20 миллион баррель мұнай тасымалданады.
Бұл әлемдегі күнделікті мұнай тұтыну көлемінің 20%-не тең. Кейінгі 5 жылда осы бұғаз арқылы 14,8 миллион баррель шикі мұнай мен газ конденсаты, 5,5 миллион баррель мұнай өнімдері, 10,8 миллиард текше фут сұйытылған табиғи газ тасымалданды. Алайда бұғазды жабу туралы шешім әлі күшіне енген жоқ. Ол тек Иранның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы кеңесі мақұлдағаннан кейін ғана жүзеге асады. Егер бұлай болса, әлемдік мұнай мен газ тасымалына айтарлықтай әсер етіп, жаһандық энергетикалық дағдарыс туындатуы ықтимал.
Кайя Каллас, ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты тараптардың қарымта қайтару операциясынан Ормуз бұғазы жабылса, бұл ешкімге де пайда әкелмейді. Сол себепті министрлер мәселені жан-жақты қарап, дипломатиялық шешім шығаруға ниетті.
Бұғаз жабылса, Австралия шығынға батады
Ормуз бұғазы жабылса, Австралияға қиын болғалы тұр. Өйткені Австралия тұтынатын өңделген мұнайдың 30%-і осы бұғазы арқылы өтеді. Бұл түптеп келгенде тауарлар мен қызметтердің құнын аспандатып жібереді. Инфляция деңгейін арттырып, оны төмендетуге тиіс шараларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Австралия шикі мұнайдың шамамен 15%-і және мұнай өнімдерінің 5%-ін ғана Таяу Шығыс елдерінен, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінен импорттайды. Ал өңделген мұнай бойынша Оңтүстік Корея мен Сингапурға тәуелді.
Үндістандағы мұнай қоры 25 күнге ғана жетеді
Ормуз бұғазы жабылса, Үндістанның да мұнай тасымалдау ісі кедергіге тап болады. Өйткені Нью-Дели жылына 5,5 млн баррель мұнай тұтынатын болса, соның 1,5-2 млн-ын осы бұғаз арқылы алады. Бірақ осы елдің энергетика министрі Ирландияға сапары барысында қара алтынды жеткізудің балама жолын қарастырып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жергілікті компаниялардың мұнай қоры 25 күнге жетеді.
Хардип Сингх Пури, Үндістанның энергетика министрі:
- Таяу Шығыста шиеленістің ушығу жағдайын біз алдын ала болжап, соған дайын болдық. Үкімет бұл мәселені үнемі бақылауда ұстап отыр. Ормуз бұғазының жабылған жағдайда басқа бағыттар арқылы мұнай жеткізуді арттыра аламыз.
Азия елдері бұғаздың жабылуына дайын ба?
Ормуз бұғазы тасымалды шектесе, Азия елдері үшін де оңай болмайын деп тұр. Мысалы, былтыр Ормуз бұғазы арқылы өткен шикі мұнай мен газ конденсатының 84%-і, сондай-ақ сұйытылған табиғи газдың 83%-і Азиядағы Қытай, Үндістан, Жапония және Оңтүстік Кореяға жөнелтілген. Ал осы жылдың алғашқы үш айында тек Қытайдың өзі Ормуз бұғазы арқылы шикі мұнайдың шамамен 38%-ін импорттаған. Бірақ бұғаз жұмысын тоқтатса да, бұл алпауыт Қытайға қиындық туғызбайды. Өйткені елдің бес жылға жеткілікті мұнай қоры бар. Алаңдатарлығы, дамушы елдерде мұндай қор мүлдем жоқ. Олар тасымалға тәуелді.
Иә, жаман айтпай, жақсы жоқ. Алайда экономикалық сарапшылар Иранның бұғазды жабуы екіталай деп есептейді. Олардың сөзіне сенсек, Иран үшін бұғазды ұзақ уақытқа жабу оңай болмайды. Өйткені Бахрейндегі АҚШ-тың бесінші флотының әскери позициясы бұл әрекетке кедергі келтіреді. Мұнан бөлек, Иранға өз одақтастары тарапынан қысым болуы мүмкін. Себебі олар Ормуз бұғазының ашық болуын қалайды. Қалай болғанда да, қара алтын бағасы күн сайын құбылып отыр. Ол көтерілсе, жаһандық экономикаға күш түсіп, күнделікті тұтынатын азық-түліктен бастап, тұрмыстық заттар қымбаттайды. Ал төмендесе, импорттаушы елдер игілігін көреді. Дегенмен күн сайын мың құбылып тұратын әлем нарығындағы мұнайдың құны қалай өзгеретіні белгісіз.