Онлайн сауда кезінде 165 млрд қаптама қоқысқа тасталады
2027 жылға қарай әлем бойынша электронды сауда көлемі 9,3 триллион долларға артады деген болжам бар. Иә, онлайн саудасы қызған заманның қызығын сатушы да, тұтынушы да көріп отыр. Дегенмен Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша жыл сайын электронды сауда кезінде 165 миллиард қаптама қоқысқа тасталады. Адам үшін тапсырыстың қашан жететіні маңызды. Бірақ ол қалай, қандай жолмен келеді?
Иә, уақыты жағынан тиімді. Дегенмен онлайн тапсырыс берудің қоршаған ортаға келтірер залалы көп.
Онлайн сауданың қоршаған ортаға әсері
Тұтынушы үшін тапсырысының бүлінбей, сынбай келгені маңызды. Сондықтан саудагер компаниялар тауар қаптамасына үлкен мән береді. Сөйтіп, қағаз, полиэтилен қапшықтармен қаптап тастайды. Мәселен, жыл сайын әлемде 241 миллион тонна қорап өндіріледі. Ол үшін 3 миллиард ағаш кесіледі. Бұл Canopy ормандарды қорғау ұйымының дерегі. Мәселен, 2020 жылы Қытайда 80 миллиард тауарды жеткізу үшін 10 миллион тонна қорап қаптама қолданған. Қазір базарға баратын халық қарасы азайды. Есесіне жүк таситын көлік саны артты. Сарапшылар: «2030 жылға қарай жеткізуші көлік саны 7 миллионға жетеді», – дейді. Деректерге қарағанда 2020 жылы интернет арқылы қабылданған тапсырыстарды жіберу кезінде көліктерден ауаға тараған көмірқышқыл газының көлемі 37%-ке жеткен.
Қазір күнделікті тұрмыста пластиктен жасалған бұйымдар көп. 2019 жылы қолданылған 460 млн тонна пластиктің 31%-і тек қаптама ретінде пайдаланылған. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының дерегі осындай. Ал сол қалдықтардың тек 9%-і ғана қайта өңделеді. Қалған бөлігі табиғи түрде ыдырамаған соң табиғатты ластайды. Егер жағдай өзгермесе, Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары: «2040 жылға қарай жыл сайын су жүйелеріне тасталатын пластик көлемі 2,5 есе өсіп, 23–37 млн тоннаға жетуі мүмкін», – дейді. Бұл қалдықтардың басым бөлігі – бірреттік пластик қаптамалар.
Пластик қаптамалармен күрес шаралары
Мәселені шешу үшін бірқатар бренд пластик емес, қайта өңдеуге жарайтын картон қораптарын қолдануға көшті. Қоршаған ортаға зияны аз баламалар ретінде жүгері немесе қамыс негізінде жасалған био-қаптамалар, крафт қағаз, саңырауқұлақ мицелийінен жасалған қораптар және тіпті балдырлардан жасалған қаптамалар қолданылады. Бұдан бөлек, Еуропа елдерінде RePack деген жүйе бар. Ол арқылы тауар тұтынушыға жеткізілген соң қаптамасы сатушыға кері қайтарылады. Кейбір онлайн-дүкендер курьер арқылы қаптаманы қайта жинау қызметін ұсынып отыр. Жалпы осындай экологиялық шешімдер UNEP деректеріне сәйкес жаһандық экономикаға жыл сайын 1,27 трлн доллар үнемдеп, қосымша 700 000 жұмыс орнын ашуға көмектесуі мүмкін.