Ғалымдар: Жер шарының жартысын ыстық жайлайды

Шілденің шіліңгір ыстығына байланысты Еуропа елдері де қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бірқатар өңірді орман өрті шарпуы мүмкін.

Қауіпке байланысты, Грекияда 40-тан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай-ақ жүздеген маман мен техника тартылған. Бұл алдын-ала жасалып жатқан сақтық шаралары. Ал, өзге елдердегі ахуал қандай?

Кәрі құрлықта күн күйіп тұр

Әдетте қысы жылылау, жазы қоңыр салқын болатын Еуропада биыл аптап ыстық пен қапырық кейінгі бір ғасырда болмаған рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұған дейің ыстықтың ең жоғарғы көрсеткіштері 1998 және 2002 жылдары байқалған. Қазір кәрі құрлық күйіп тұр. Франция, Италия, Испанияда сынап бағанасы Цельсий бағамы бойынша +40 градустан асады. Әсіресе, Испанияда осымен үшінші жыл қатарынан қатты ыстық байқалуда. Ал, Италияның 21 қаласында аптапқа байланысты ескерту жарияланды. Оның ішінде туристер көп баратын Рим мен Венеция бар. Франция астанасы Парижде де қауіптің сары деңгейі осы аптаның соңына дейін сақталады. Дегенмен, туристер күннің ыстығына қарамастан жан-жақтан ағылып келіп  жатыр.

Мауро Барелла, италиялық турист:

- Күннің осылай ысып кететінін алдын ала білдік. Ауа райын бақылап отырдық. Дегенмен, саяхатымызды кейінге қалдырғымыз келмеді. Енді күннен барынша қорғанып, демалысымызды ойдағыдай өткіземіз деген ойдамыз.)

Португалияда өрт қаупі жоғары

Португалия билігі де осы аптада күннің күрт ысуына байланысты алдын ала сақтық шараларын жүргізіп жатыр. Болжам бойынша апта соңына қарай сынап бағанасы 44 градусқа дейін жетеді. Қазір бірқатар аймақта қауіптің орташа деңгейі белгіленген. Метерологтар орман өрттерінің қаупі барын ескертеді.

Анжела Лоуренсо, метеоролог:

- Күннің күрт ысуынан орман өрттерінің қаупі жоғары. Өйткені ылғал деңгейі өте төмен. Құрғақ ауа мен жел екпінінің әсерінен өрт тез таралуы мүмкін. Қазір сынап бағанасы 40 градустан асты. Апта соңына қарай 44 градусқа дейін көтеріледі деп болжап отырмыз.

АҚШ-та қауіпсіздік шаралары күшейтілді 

АҚШ-та да күннің күрт ысуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Бұл ретте халық арасында үндеу, ескерту жұмыстары жүргізілді. Жергілікті Safe Kids ұйымдарының мамандары балаларды күн көзінен барынша қорғауға шақырды. Олардың қоғамдық және жеңіл көлік ішінде жалғыз қалмауын, көшеде ересек адамдардың бақылауынсыз жүрмеуін жіті бақылау маңызды. Өйткені балалардың басына күн тез өтеді. «Ал, бұл өте қауіпті, тіпті өлімге дейін әкелуі ықтимал»,- дейді мамандар.

Брайс Уильямс, метеоролог:

- Аптап ыстық адам өліміне себепкер табиғи факторлардың бірі екенін көпшілік біле бермейді немесе мән бермейді. Ыстықтан қорғану кезінде тек көлеңке іздеп, салқындатқыш құрылғыларды пайдалану аздық етеді. Барынша көшеге шықпауға кеңес береміз. Өйткені бастан күн өткен кезде адам ағзасында болатын өзгерістер түрлі дертке әкеп соғуы мүмкін

 

Жер шарының жартысын ыстық жайлайды

Зерттеулерге сүйенсек, биыл жаз айлары әлем бойынша ең ыстық мезгілдердің бірі болмақ. Сәйкесінше, температураның көтерілуі салдарынан табиғи апаттар жиілейді. Ғалымдар биыл да Жер шарының жартысына жуығы аптаптың зардабын тартады деп болжап отыр. Қатты ыстық, әсіресе, Оңтүстік Еуропа, Жерорта теңізі жағалауы, Таяу Шығыс, Солтүстік және Орталық Америка, сондай-ақ Орталық Азияда байқалмақ. Ал, Солтүстік және Орталық Еуропа, Шығыс Азия мен Оңтүстік Америкада керісінше, жауын-шашын көбейіп, кейбір өңірлерде күн суытуы мүмкін.