Әмірлікте жылжымайтын мүлік саудасы қызып тұр

Туризмді дамытудың жолдары көп. Араб әмірліктері әлемде ең биік ғимарат және зәулім сарайлар салудан көш бастап келеді. Сатылымы жағынан да оқ бойы озық тұр. Ширек ғасырдан бері елдің жылжымайтын мүлік нарығына миллиардтаған доллар инвестиция тартылып, аспанмен астасқан талай нысан бой көтерді. Нәтижесінде туризм секторы түлеп сала берді. Бір ғана Дубайдың 163 қабатты және 828 метрлік ғимаратына жер-жерден миллиондап турист ағылатын болды.

Әмірлік – әлемде әскери қимыл, қақтығыс және шиеленістен ада бірден-бір аймақ. Онысы инвестициялық ахуал мен туризм секторына оң әсер етіп жатыр. Десе де билік өкілдерін таяуда болған Иран-Израиль қақтығысы алаңдатқаны рас. Бұл ретте мамандар: «Соғыстың ұзаққа созылмай, қысқа мерзімде аяқталғаны олжа болды», – дейді.

Мұхамед Рафик Элькабани, инвестор, жылжымайтын мүлік компаниясының басшысы:

- Маман ретінде аңғарған бір жайтты айтайын. Әлемнің көптеген аймағында уақытша және ұзақмерзімді қақтығыстар болып тұрады. Олар кейде инвесторлардың тұрақты әрі қауіпсіз нарықтарға ойысуына әсер етеді. Бәлкім, ыңғайсыз естілер, бірақ Дубай кейінгі жылдары әлемнің әр қиырында болған шиеленістердің оң пайдасын көрді. Елде қалталылар күрт көбейіп кетті.

Жалпы араб мемлекеті сырттан капитал тартпай-ақ, экономикасын өрге оздыра алады. Себебі шетелдіктерден бөлек, жергілікті бай-бағландар да көп. Сол қалталылардың бір кездері туризм мен жылжымайтын мүлік саласына құйған инвестициясы қазір еселеніп жатыр. 

Мұхамед Рафик Элькабани, инвестор, жылжымайтын мүлік компаниясының басшысы:

- Пандемиядан кейін Дубайға инвесторлар бұрынғыдан да көп келе бастады. Әсіресе Франция мен Германиядан зор қызығушылық байқалды. Сосын Шығыс Еуропадағы шиеленіс кезінде де нарық ауқымы кеңейді. Яғни бізге ресейліктер мен украиналықтар ағылды. Қытайға келер болсақ, олар 2017 жылға дейін әмірлік жеріне құйылған қаржы көлемі жөнінен көшбасшы еді. Содан кейін сәл төменге сырғып, 2023 жылы қайта жетекші орынға орнықты. Сонымен қатар АҚШ және Канададан да бұрын-соңды көрмеген жаңа инвесторлар келді.

Саудасы қыз-қыз қайнап тұрған нарық ерекшеліктерін қазақстандық Айман мен Шолпан көп зерттеген. Олар осы салада көпжылдық тәжірибесі бар маман. Айтуларынша, әмірлік жерінде қандай да бір нысанға қаржы құюдың артықшылығымен қоса қиыншылығы да кездеседі. Бұл қауіпсіздік үшін қажет.  Мәселен, құрылыс салушылар мұнда үлескерлерден жаппай қаржы жинағанымен, оны қалаған кезінде кәдеге жарата алмайды. Жобаның жүзеге асырылу барысында ғана арнайы шотқа түсетін ақшаға кезең-кезеңімен қол жеткізеді. 

Шолпан Сәрсенбай, жылжымайтын мүлік саласы бойынша кеңесші:

- Қарапайым тілмен түсіндірсек. Escrow – бұл кепіл шот. Мысалы, сіз пәтер сатып алмақшысыз. Сіз ақшаңызды тікелей сатушыға бермейсіз. Оның орнына бұл ақшаны escrow шотына аударасыз. Бұл шоттағы ақша сатушыға тек шарттар орындалғаннан кейін ғана беріледі. Мысалы, пәтер толық сіздің атыңызға өткен кезде. Осылайша екі жақ та өзін қауіпсіз сезінеді.

Тағы бір ерекшелік әмірлікте кез келген пәтер сатып алған адам инвестор саналады. Шетелдік болса, резидент атануға міндетті. Бұл орайда нарықтың жыл сайынғы өсімін пайдаланып, қаржысын еселеп жүргендер жетерлік. Сосын тіршілік қыз-қыз қайнаған әмірлікте бос тұрған ғимарат та жоқ. Бәрі өз қызметін атқарып тұр.

Еске салайық, Дубайда бірнеше жыл бұрын ЭКСПО көрмесі өткен еді. Бір бөлігі біраз уақыт қаңырап тұрған болатын. Қазір сол алаң тұрғын ауданға айналды. Қажетті инфрақұрылыммен қамтылды.

Рауан Мыңбай, тілші:

Әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж Халифаға келсек, оған тиесілі рекорд кейінгі 17 жыл бойы жаңарған емес. Іргедегі араб елдері, атап айтқанда, Саудия билігі бұдан да зәулім нысан саламыз дегенімен, жобаның қашан жүзеге асары белгісіз. Ал мына менің ту сыртымдағы заманауи сәулет өнерінің ең озық туындысы жыл сайын 17 млн саяхатшы қабылдайды. Бір өзі нардың жүгін қайыспай көтеріп тұрғандай.

Авторы: Рауан Мыңбай