Трамп Ақ үйде UFC жекпе-жегін өткізбек
АҚШ тәуелсіздігі күніне орай Ақ үйде UFC жекпе-жегі өтеді.
Бұл туралы Дональд Трамп Айова штатындағы құттықтау сөзінде мәлімдеді. Биыл 4 шілдеде АҚШ Ұлыбританиядан егемендік алғаны-ның 249 жылдығын атап өтеді. Елде жыл бойына арналған іс-шаралар желісі басталады. Вашингтонда әскери және мәдени шерулер мен мерекелік концерт ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары 17 минуттық отшашуды тамашалайды. Музейлер мен қоғамдық ұйымдар арнайы шаралар дайындаған. Қала билігі жүздеген мың қонақ келеді деп болжап отыр. Мерекеге орай Вашингтонда қауіпсіздік күшейтілген. Таяу шығыстағы жағдайға байланысты құзырлы органдар 22 қыркүйекке дейін лаңкестік жағдайға қарсы қатаң дайындық режимінде жұмыс істеуге көшірілген.
Эшли Кон, тұрғын:
- Тәуелсіздік күні біздің отбасы үшін өте маңызды мереке. Ата-анам әскери адамдар болған соң отансүйгіштікті кішкентайымыздан бойымызға сіңіріп өстік. Еліміздің астанасына сонау Техастан осы мерекені атап өту үшін арнайы келдік.
Рэдл, тұрғын:
- Әдетте тәуелсіздік күнін отшашу, шеру және мол дастарханмен атап өтеміз. Бұл отбасыңмен, ет жақындарыңмен бас қосатын мереке. Еліміздің егемендігін қадір тұтып, ұлықтаймыз. Биыл ерекше тойлағымыз келеді.