Техаста су тасқынынан 13 адам қаза тапты
АҚШ-тың Техас штатында толассыз жауыннан тасқын жүріп, 13 адам опат болды.
Тағы 23 қыз бала із-түзсіз жоғалып кетті. Олар жазғы лагерьге келген 700 баланың қатарында болған. Штаттың вице-губернаторы Дэн Патриктің мәлімдеуінше, өзге оқушылар құтқарылғанымен жолдардың жабылуына байланысты эвакуациялауға мүмкіндік болмай тұр. Жауын-шашыннан Гвадалупе өзені әлі тасып жатыр. АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі «кенеттен болатын тасқынға байланысты төтенше жағдай» режимін жариялады.
Далтон Райс, Керрвилл қаласының менеджері:
«Гвадалупе өзеніне құятын екі тармақ түнгі 3 шамасында тасып, су деңгейі бір-екі сағаттың ішінде күрт көтеріліп кетті. Бастапқыда бәрі тыныш қауіпсіз сияқты еді. Бірақ көп ұзамай су көпірге дейін жетті. Бәрі тым тез өрбіді. Қазір құтқару жұмыстары жалғасып жатыр».