Ресей Түркиядағы АЭС жобасының үлесін сатпақ
Түркиядағы алғашқы атом электр станциясы – «Аккую» жобасына жаңа инвесторлар тартылуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Себебі оны жүзеге асырушы ресейлік «Росатом» корпорациясы жобаның 49%-тік үлесін сатуға ниетті. Қазір әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ сарапшылардың айтуынша, шетелдік банктер санкциядан қауіптенеді. Осы себепті газ свопы сияқты баламалы төлем жолдарын қолдану қарастырылып жатыр. «Аккую» атом электр станциясы төрт реактордан тұрады. Оның әрқайсысының қуаттылығы – 1200 МВт. Жоба құны – 25 миллиард доллар. Онда электр қуатын келесі жылдан бастап өндіру жоспарланған.
Оғузхан Ақйенер, Түркия Энергетикалық стратегиялар және саясатты зерттеу орталығының президенті:
- «Аккую» АЭС жобасындағы 49% үлесті сату мәселесі бұрыннан талқыланып келеді. Бастапқыда оны түрік инвесторлары сатып алмақ болған. Бірақ әртүрлі кедергілерге байланысты бұл жоспар жүзеге аспады. Нәтижесінде барлық үлес Ресей тарапының қолына өтті. Қазір жаңа инвесторды табу мен жоба құрылымындағы өзгерістерді жүзеге асырудың стратегиялық маңызы зор.