Әлемде киберқылмыс күшейіп барады
Әлемде күн сайын 2 мыңнан астам киберқылмыс тіркеледі.
Кибершабуылдар негізінен экономикасы мен технологиясы дамыған елдерде жасалады. Қылмыскерлер көбіне қаржыдан бөлек құнды дерек, инновациялық технология, құпия мәліметтерді алуға ұмтылады. Цифрлы әлемде бұл ең өзекті мәселенің біріне айналған.
Былтыр әлемде ең көп киберқылмыс жасалған елдердің тізімін АҚШ бастап тұр. Интернет-қылмыстар бойынша шағымдар орталығына ((IC3)) келіп түскен мәліметтерге сәйкес, елде ең көп таралған киберқылмыс түрі - фишинг, оның ішінде - спуфинг. Мұндай әрекеттерден шамамен 193 000 адам зардап шеккен. Фишингтік шабуылдардың түрі көп. Ең жиі кездесетіні жаппай фишинг, смишинг және іскерлік электрондық поштаны бұзу. Әсіресе бұл алаяқтық 2021 жылы күрт көбейген. Ол кезде шамамен 324 000 адам киберқылмыскерлердің құрығына ілінген. Сарапшылар мұны жасанды интеллекттің қарқынды дамуымен байланыстырады.
Еуропа елдерінде де кейінгі жылдары кибершабылдар жиіледі. Әсіресе Германия, Ұлыбритания және Францияның денсаулық сақтау мен энергетика жүйелері нысанаға көп алынатын болған. Ал Испанияда жыл сайын бес жүз мыңға жуық киберқылмыс тіркеледі. Мемлекеттік қана емес, адамның жеке басына қатысты ақпаратты ұрлау, ақша жымқыру, жалған тауар сату сияқты алаяқтық түрлері тыйылмай тұр. Осыған байланысты жергілікті үкімет цифрлық қауіпсіздік және киберқорғаныс салаларын күшейту мақсатында қазынадан 1 миллиардтан аса еуро бөлді. Қомақты қаржының бір бөлігі 5G қауіпсіздігіне арналған Операциялар Орталығын құру, жасанды ақыл ойды интеграциялау, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы үйлестіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін жұмсалмақ.
Жалпы әлемде әр 6 секунд сайын бір интернет-алаяқтық тіркеледі. Жалған сілтемелер мен хаттар, Deepfake яғни жалған бейнематериал арқылы сенімге кіріп әрекет ету кибералаяқтардың негізгі тәсілдері. Мемлекеттік жүйелер, банктер мен корпорациялардан бөлек қарапайымдар адамдар алаяқтардың құрығына жиі ілінеді. Әсіресе зейнеткерлер мен балалар. Олар көбіне банк карталарына қатысты құпия мәліметтерді өздері айтып қояды. Сарапшылар бұған адамдардың цифрлық сауаттылығының төмендігі себеп дейді.
Фариза Жанғанаева