Бразилия туризм бойынша рекорд орнатты

Әлемде оқиғалық туризмнің нарықтағы үлесі 2034 жылға қарай 2 триллион доллардан асуы мүмкін. Былтыр көрсеткіш 1,63 триллион АҚШ долларына тең болды. Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Ұлыбритания, Бразилия сынды көптеген елде жыл сайын түрлі фестивальдер мен халықаралық іс-шаралар өтеді. Туризмнің бұл түрі несімен ерекшеленеді? 

Бразилия туризм бойынша рекорд орнатты

Төрткүл дүниенің жанарын бір ғана «самба» биімен жаулаған Бразилияда жыл сайын түрлі фестиваль ұйымдастырылады. Әсіресе өткен ғасырдан бері Рио-де-Жанейро карнавалының танымалдығы артып, уақыт өте келе әлемдік ауқымды іс-шараға айналды. Ең ірі әрі сәні мен салтанаты келіскен жаппай халықтық мереке елдегі туризмнің маңызды бөлігі десе болады. Латынамерикалық мемлекетке саяхаттаушылар қарасының көптігі соншалық биылғы жылдың алғашқы 2 айында-ақ халықаралық туризм бойынша рекорд орнатты. 2 миллионнан астам турист барды. Бұдан ел экономикасына 823 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22% көп.

Төл мәдениетін туризмге айналдырған ел көп

Әлемде төл мәдениеті арқылы туризмін дамытып, пайдаға кенеліп отырған ел көп. Өйткені өзге халық мәдениеті туристердің жақынырақ танып білуге ұмтылатын дүниенің бірі саналады. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкіпірінен жүздеген мың турист Үндістанға бір-біріне түрлі-түсті бояу шашып, Таиландқа су құюға баратыны – соның бір дәлелі. Жаңа жылды Қытайда ал көктемді Жапония мен Оңтүстік Кореяда қарсы алатындар көбейді. Ал инфрақұрылмы дамыған экономикасы озық елдер жыл сайын, халықаралық маңызды форумдарды өткізуге талпынады. Мысалы, былтыр Париждегі жазғы Олимпиада ойындарын тамашалауға 11 миллион турист барды.

Әлемдік футбол додасына 8 млн жанкүйер барады

Қазір дүниежүзі халқы, әсіресе футболсүйер қауым келер жылы өтетін Әлем чемпионатына қамданып жатыр. 2026 жылғы әлем біріншілігі алғаш рет үш елде: Мексика, АҚШ және Канадада ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұңғыш рет доп додасына 48 команда қатысады. Ресми болжамдарға қарағанда әлемнің түкпір-түкпірінен 8 миллион жанкүйер бармақ. Сарапшылар: «Бұл АҚШ экономикасына серпін береді», – деп болжап отыр.

Авторы: Фариза Жанғанаева