Конгода тырысқақ ауруы тез тарап жатыр

Конго Демократиялық Республикасының шығыс бөлігінде тырысқақ тарап жатыр.

 Жыл басынан бері аурудан 28 адам көз жұмды. Қазір жағдай Оңтүстік Киву провинциясында ушығып тұр. Бұл аймақта індетті 600-дей адам жұқтырған. Ауруханалар лық толы. Науқастарға медициналық көмек көрсетуге халықаралық гуманитарлық ұйым — «Шекарасыз дәрігерлер» қызметкерлері көмекке барды. Мамандардың айтуынша, дәрі-дәрмек пен ауызсу тапшылығы қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға қиындық келтіріп жатыр. Тырысқақ - қауіпті жұқпалы ауру. Көбінесе лай су немесе тағам арқылы жұғады. Уақытылы емделмесе, бірнеше сағат ішінде өлімге әкелуі мүмкін.