Үндістандағы ұшақ апатының себебі белгілі болды
Үндістанда осыдан тура бір ай бұрын болған ұшақ апатының себебі белгілі болды.
Үндістан билігі тергеу нәтижесін жариялады. Ресми құжатта ұшу кезінде жанармай беру жүйесінің ажыратылғаны жазылған. Дәлірек айтқанда, жанармай беретін тетік жұмыс істеп тұрған ((RUN)) күйінен тоқтау ((CUTOFF)) күйіне ауыстырылған. Соның салдарынан қажетті жанармай берілмей, қозғалтқыштар тарту күшінен айырылған. Осыған қатысты кабинадағы дауыс жазғышта ұшқыштардың "Неге отынды ажыраттың?" деген сұрағы мен екінші ұшқыштың "Мен ештеңе ауыстырмадым" деген жауабы жазылып қалған. Олар отын беруді қалпына келтіруге тырысқанымен биіктік пен уақыттың жетіспеушілігінен бұл мүмкін болмаған деп жазылады есепте. Айта кетейік, ұшақ 12 маусым күні Ахмедабад қаласынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай тұрғын үйге құлаған еді. Апат салдарынан 260 адам қаза тауып, тек бір жолаушы ғана тірі қалды.