Түркия мектептегі оқу жүйесін реформалауға ниетті

Түркияда оқушының мектеп қабырғасындағы білім алу жылдары қысқаруы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Ел билігі білім жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізуге ниетті. Егер реформа қабылданса, оқушылар аттестатты 16 жаста алады. Қазір Түркияд 12 жылдық білім беру моделі қолданыста. Яғни, оқушы 6 жастан мектепке барып, орта білімді шамамен 18-19 жаста аяқтайды. Ал жаңа үлгінің бірі 3+1 форматы: 9-11 сыныптар негізгі білім беруге арналса, 12-сынып дайындық курсы болмақ. Мұндағы мақсат жастарды мамандыққа ертерек бейімдеп, еңбек нарығына тез араласуына мүмкіндік беру. Алайда кәсіподақтар бастаманы сынап, «Бұл – жұмыс күші жетіспейтін салаларға арзан еңбек тартудың амалы», - деп мәлімдеді. Ата-аналар болса: «Баланың жас ерекшелігі мен психологиялық дайындығына басымдық берілуі керек», - дейді. Жаңа жүйе әзірге ұсыныс деңгейінде. Бірақ қабылданса, Түркияның білім саласында соңғы жылдардағы ең үлкен өзгеріс болмақ.