Сербияда қауіптің қызыл деңгейі жарияланды
Сербияда аптапқа байланысты қауіптің ең жоғары қызыл деңгейі жарияланды.
Елдің кей аймақтарында ауа температурасы 42 градустан төмендемей тұр. Синоптиктер мұны Африкадан келген антициклонмен байланыстырады. Билік тұрғындар мен туристерге далада көп жүрмеуге кеңес берді. Сондай-ақ орман өрті қаупі барын ескертті.
Веселинка Саулич, жергілікті тұрғын:
-Ыстық тым қатты. Тіпті салқындатқыштардың өзі көмектеспейді. Сол себепті күн шықпай тұрып, маңызды жұмыстарымды ертерек бітіруге тырысамын.
Косовода да осындай жағдай. Приштинада ыстық бірнеше күннен бері +40 градустан төмендемей тұр. Күн райының қолайсыздығына қатысты, көшелерге арнайы су шашатын техникалар шығарылды. Сонымен қатар тұрғындар мен туристерге ауыз-су тегін үлестіріледі. Бұл шараларға жергілікті билік шамамен 120 мың еуро бөлген.