Ресейде ұшақ апатынан 48 адам қаза тапты
Ресейдің Амур облысында Ан-24 ұшағының апатына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды. Әуе кемесінің қалдықтары қала маңындағы таулы аумақтан, орман ішінен табылды. Ұшақ бортында болған 48 адамның бәрі қаза тапты. Олардың арасында 5 бала, 4 экипаж мүшесі және әуе компаниясының 2 қызметкері болған.
Хабаровск – Благовещенск – Тында бағытындағы рейс ауа райының қолайсыздығынан екі сағатқа кешігіп ұшады. Содан ұшақ Тында әуежайына жеткен соң бірден қона алмайды. Ал екінші рет айналып келмек болған кезде байланыс үзіледі. Дереу іздеу жұмыстары басталып, құтарушылар әуеден ұшақтың сынықтарын көреді.
Игорь Смирнов, Ресей ТЖМ Амур облысы бойынша басқарма бастығы:
- Ми-8 тікұшағымен жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде таулы қиын жерде ұшақтың фюзеляжы табылды. Апат ауданына іздестіру-құтқару бөлімшелері мен Ресей ТЖМ-нің автокөлік тобы аттандырылды.
Құтқарушылар оқиға орнына жету үшін ну орманмен бірнеше сағат жаяу жүруіне тура келді. Жәрдемге Хабаровск пен Благовещенск қалаларынан жасақтар жұмылдырылды. Бірақ жергілікті билік бірнеше сағаттан кейін апаттан ұшақтағы бірде бір адам тірі қалмағанын мәлімдеді.
Василий Орлов, Амур облысының губернаторы:
- Жедел штаб отырысы аяқталды. Аймақта төтенше жағдай режимі енгізілді. Қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Алдын ала болжам бойынша ұшақ апатына қолайсыз ауа райы немесе техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Бұл әуе апаты соңғы 14 жылда дәл осы үлгідегі ұшақпен болған ең ірі қайғылы жағдай. Деректерге сәйкес, 1976 жылы шығарылған әуе кемесінің әуеде ұшу жарамдылығы 2036 жылға дейін ұзартылған.