Түркияда баламен бірге анаға алимент төленеді

Алимент мәселесі әлем елдерінде өзекті. Міндетінен жалтарғандарға көп елде жаза қатаң.

Ал оның мөлшері әр елдің заңына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, Америкада бала 21 жасқа толғанша ата-ана қаржылай қолдауға міндетті. Ал Түркияда ерлі-зайыпты ажырасса, баланы әкесі материалдық тұрғыда қамтамасыз етуі тиіс.

АҚШ-та балаға алимент 21 жасқа дейін төленеді

АҚШ-та алимент мөлшері екі әдіспен есептеледі. Алдымен, ата-ананың табысы біріктіріліп, жалпы қажеттіліктерге қарай бөлінеді. Мұнан бөлек, пайыздық модель де бар. Ата-ананың біреуінің табысынан белгілі бір мөлшерде алимент ұсталады. Мысалы, Нью-Йорк штатында бір балаға жалпы табыстың 17%-ы, екеуіне 25%, үшеуіне 29%-ы төленеді. Ата-ана бала 21 жасқа толғанға дейін қаржылай қолдауға міндетті. Ал мүгедектігі болса 26 жасқа дейін ұзартылады.

Бельгияда алимент бала жасына қарай есептеледі

Ал Бельгияда Азаматтық кодекс бойынша ата-аналар алиментті бірлесіп төлейді. Оларды есептеу кезінде баланың қажеттілігі, ата-ананың табысы, ажырасуға дейінгі отбасының өмір сүру деңгейі ескеріледі. Алимент мөлшерін анықтауда «Ролан Ренар ережесі» деп аталатын әдіс қолданылады. Соған сәйкес, 1-5 жастағы балаларға ата-ана табысының 12%-ы, 6-17 жастағыларға 15%, ал 17 жастан асса 25% мөлшерінде алимент төлеуге міндетті. Ерекше балаларға арналған шығын жоғары болады. Алимент баланың тұрғылықты жеріне қарамастан ай сайын төленеді. Оны төлейтін ата-анаға мемлекеттік салықты 80%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беріледі.  

Таиландта алиментті ата-ана бірігіп төлейді

Таиландта ата-ананың екеуі де бала 20 жасқа толғанша оны қаржылай қолдауға міндетті. Егер ата-анасы заңды некеге тұрмаса, әкесінің бала алдында ешқандай міндеттемесі болмайды. Жергілікті заң бойынша некесіз туған баланы тәрбиелеу анаға жүктеледі.

Австралияда табыстың 25%-ы алиментке бөлінеді

Австралияда алимент мөлшері ата-ананың жылдық табысының 25%-ына тең. Көмекақы бала кәмелет жасына толғанға дейін төленеді. Міндетінен жалтарған ата-ананың шотынан алимент сомасы ескертусіз алынып отырады. Мұнан бөлек, ажырасу кезінде бала тәрбиелеп отырған әкесі мен анасы ортақ мал-мүліктің 65%-ын өз иелігіне қалдыра алады. Бұл процесс шамамен 2 жылдан 4 жылға дейін созылады.

Түркияда баламен бірге анаға алимент төленеді

Түркияда ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесімен қалдырады. Өйткені отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндетті. Балаға төлейтін алимент мөлшері – айына 100 бен 1000 доллар аралығында. Сондай-ақ анаға да алимент төленеді. Мәселен, ажырасқан ер адам әйелін екінші рет тұрмысқа шыққанша қаржылай қолдауға міндетті.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.