Таиланд пен Камбоджа қақтығысты тоқтатуға келісті

Таиланд пен Камбоджа Малайзиядағы келіссөз барысында қақтығысты тоқтатуға келісті.

Бұл туралы малай елінің премьер-министрі Анвар Ибрагим мәлімдеді. Оның айтуынша, құжат бүгін түнде күшіне енеді. Екі елдің делегациясы Малайзияның әкімшілік орталығы Путраджайе қаласында кездесті. Маңызды жиынға АҚШ пен Қытайдың ресми өкілдері де қатысты. Кездесуді ұйымдастыруға 23 шілде күні екі елдің шекарасында болған жағдай себеп. Таиланд пен Камбоджа әскері шекара маңында атысып, салдарынан 5 тай сарбазы қаза тапты. Артынша тараптар соққыны үдетіп, құрбандар қатары күрт өсті. Жергілікті БАҚ келтірген мәліметке сәйкес, қақтығыс салдарынан 30 адам мерт болып, 160 мыңнан астам адам бас амандығын ойлап, қонысын тастап кеткен.