Польша шекаралық бақылауды қайта күшейтті
Польша үкіметі Германия және Литвамен шекаралас аймақтарына 5 тамызға дейін миграциялық бақылау енгізді. Уақытша шара әрі қарай да ұзартылуы мүмкін. Ресми Варшава бұл шешімді заңсыз көші-қонды тежеу және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылдағанын мәлімдеді.
Миграциялық бақылау – шекарадан өтетін жолаушылардың паспортын, визасын және көлік құжаттарын тексеруді қамтитын шара. Кедендік бақылаудан айырмашылығы адамдардың жүк сөмкесі емес, төлқұжаты жіті тексеріледі. Көлік жүргізушілері мен сауда компаниялары және шекара маңындағы тұрғындар күшейтілген бақылаудың кесірінен логистикалық қиындықтар мен ұзын сонар кезекке тап болғанын айтып шағымданып жатыр. Алайда Польша үкіметі, әсіресе Литва арқылы шекараны заңсыз кесіп өткен мигранттар саны биыл үш есеге артқанын алға тартып, уақытша бақылау ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мәжбүрлі түрде енгізілгенін мәлімдеді.
Томаш Стефанский, Слубице қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл бақылау күнделікті өмірімізге елеулі қиындықтар туғызып жатыр. Ары-бері балаларды мектепке апарамыз, Германиядан көршілеріміз келеді, сауда жасайды, түрлі қызмет түрін пайдаланады. Ал қазір кезек көп, сондықтан уақытша болса да, шекаралық бақылаудың енгізілуі біз үшін өте қиын.
Дональд Туск, Польша премьер-министрі:
- Біз бұл шешімнің тұрғындардың еркін жүріп-тұруына әсер етіп отырғанын түсінеміз. Бірақ шекара қызметінің басты міндеті — заңсыз құжатпен Еуропаға еркін кіріп алуды көздейтін мигранттардың жолын кесу. Ол үшін шекаралық бақылауды қалпына келтіруіміз керек. Басқа жол жоқ.
Шекаралық шектеу шарасы қабылданар алдында Литва мен Польшаның ішкі істер министрлері кездесіп, шешімнің саяси астары жоқ екенін мәлімдеген болатын. Ал саяси сарапшылар: «Уақытша бақылау Шенген ережелері бойынша шұғыл қауіпсіздік мақсатында заңды, бірақ ұзақ мерзімге созылмауы тиіс», – дейді. Ресми Варшава қажет болған жағдайда бақылау операцияларын ұзартуы мүмкін екенін хабарлады, дегенмен кей бекеттер жұмысын жалғастыра береді.
Цешлав Мрожек, Польша Ішкі істер және әкімшілік министрлігінің мемлекеттік хатшысы:
- Бақылау үзіліссіз, кездейсоқ жүргізіледі. Бұл шара Шенген ережелері мен ЕО заңдарына толық сай келеді. Бақылау операцияларын ұзартуға дайынбыз. Күшейтілген бақылау әзірге 52 герман, 13 Литва шекара бекетінде жүзеге асып жатыр. Оның ішінде 19 бекетті ары қарай да тұрақты бақылауда ұстаймыз.
5 тамызға дейін жалғасатын миграциялық бақылауға Польшадан 800 шекара қызметкері, 300 полиция офицері және 500 ден астам сарбаз жұмылды. Атап өту керек, Польша екі жыл бұрын Беларусьпен арадағы шекараны күшейту үшін 187 шақырымдық темір қоршау мен 3 000 камерадан тұратын электронды қорғаныс жүйесін салуға 400 млн еуро қаражат жұмсаған еді. Шенген шекарасын, оның ішінде Польша мен Балтық елдері арасындағы қауіпсіздікті күшейту үшін Еурокомиссия былтыр Варшаваға 52 млн еуро бөлді.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач