Жапонияда бос мектептер туристерге есік ашты
Жапонияның ауыл-аймақтарында мектепте оқитын бала жоқ. Бәріне демографиялық дағдарыс себеп, деп хабарлайды 24kz.
Жұмысын тоқтатқан білім ошағы қаншама?! Бірақ жергілікті тұрғындар бос қалған ғимараттарды кәдеге жарату тәсілін ойтап тапқан.
Жұлдыз Атагельдиева, тілші:
- Жапонияда қарт кісі көп. Бала туу көрсеткіші ең төмен деңгейде. Содан мектептер қаңырап бос қалуда. Кейінгі 20 жылда елде 6500 білім ошағы жабылған. Өйткені онда оқитын бала жоқ. Енді ондай мектептерде тіршілік қайта жандана бастады.
Такааки Ёнэдзи, School Experience Undokai жобасының авторы:
- Жыл сайын Жапонияда 400-500 мектеп жабылады. Оқушылар азайып барады. Сондықтан оқу орындары бос тұрмау үшін мұнда туристердің келіп, бір күнге өзін жапондық оқушы сезінуіне мүмкіндік беретін жобаны іске қостық.
Қаңырап бос қалған мектеп «оқушыларының» дені шетелдік саяхатшылар. Оларға мектеп формасы беріледі. Туристер иероглифтер жазуды үйреніп, дене шынықтыру сабағында жапондардың дәстүрлі спорттық ойындарын ойнайды. Жергілікті оқушылар сияқты сыныпты өздері жинайды. Мұндай бір күндік оқудың құны – 35 мың иен. Бұл біздің ақшамен 120 мың теңге шамасында.
Парина Кевкраджанг, Нью-Йорк тұрғыны:
- Мектеп формасын киіп, ерекше әсерде болдық. Мұғалім актер болса да, рөлге кіріп, бәрін тамаша орындап шықты. Достарымызбен бірге осылай уақыт өткізгенге не жетсін!
Жобаның мақсаты – қаңырап бос қалған мектептерге көмек көрсету ғана емес. Билік туризмді де дамытпақ. Токио мен Киото секілді ірі қалаларда саяхатшы көп. Ал шалғайдағы өңірлер жайлы көбі біле бермейді. Сол үшін де жоба аясында қайта ашылған алғашқы мектеп ауылды жерде орналасқан. Соған қарамастан, шалғайдағы аймаққа баруға қызығушылық танытып жатқан туристер аз емес.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева