80 жыл бұрын алғашқы атом бомбасы жарылды

Осыдан тура 80 жыл бұрын АҚШ Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастаған еді. Сол кезде бір мезетте 80 мың адам қаза болды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл ғана емес, 1-2 ай өткенде құрбандар саны одан әрі көбейді. Одан кейін де зардабы тоқтаған жоқ. Сөйтіп, 6 тамыз адамзатқа қарсы алғашқы атом бомбасы қолданылған күн ретінде тарихта қалды. АҚШ Жапонияны қарудың күшімен бағындырды. Алайда, бұл ядролық жарылыс шын мәнінде қажет болды ма? Америка атом қаруын қолдану үшін неліктен осы екі қаланы таңдаған?

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Хиросима кару-жарақ қоймалары, әскери порт және теңіз флоты бас штабы орналасқан шаһар болатын. Ал, Нагасаки кездейсоқ таңдалған. Яғни, сол күні қатты жел тұрып, металлургиялық зауыттан шыққан түтіннен Кокура қаласы көрінбей қалған. Сосын жанармайы таусыла бастаған бомбалаушы ұшақ Нагасакиге бет алған.

Жапондар адамзат тарихындағы ең қасіретті күннен кейін 80 жыл өтсе де, ядролық жарылыстан көз жұмғандардың сүйектерін әлі іздеп жатыр. Жарылыс ошағынан 10 шақырым жердегі Ниносима аралы сол күндері уақытша госпитальге айналған. Кейінгі деректерге сүйенсек, мұнда мыңдаған адамның ішінен 1 мыңға жуығы ғана тірі қалды. Алғашқыда сарбаздар қуаты күшті сәуледен ажал құшқандарды жер қойнына жеке-жеке жерлеген. Көп ұзамай басқа көметін жер табылмай, мүрделерді қоқыс жағатын пешке тастап, өртейді. Бомбадан тығылатын орындарға және бауырластар зиратына көмеді. Соңғы деректер бойынша Ниносима аралынан осы күнге дейін 3 мыңдай адамның сүйегі табылған. Тағы мыңдағаны іздестіріліп жатыр. 

Ребун Кайо, Хиросима университеті бейбітшілік орталығының қызметкері:

- Қазба жұмыстары кезінде тісі жаңадан жарып шыққан сәбидің жақ сүйегін таптым. Аппақ, кіп-кішкентай. Оның не кінәсі бар еді? Дәл сол өмір сүруі тиіс емес пе еді? Бұл сүйектер жай ғана археологиялық экспонат емес, өткенімізден сыр шертетін мұра. Олар сөйлей алмайды, бірақ не болғанын айтып тұрғандай әсер қалдырады.

12 жастағы жапондық Сюн Сасакидің басты арманы – ядролық қарусыз әлем. Ол айына екі рет сабақтан бос уақытта Хиросимадағы Бейбітшілік саябағына келеді. Шетелдіктерге тегін экскурсия өткізеді. Ағылшын тілін жетік меңгермесе де, оның жүректен шыққан әр сөзі көкейге жетеді. Өйткені жойқын қарудың салдарын жасөспірім сол қасіретті бастан кешкен үлкен әжесінің айтқан әңгімесінен біліп өскен.

Сюн Сасаки, Хиросима мемориалдық саябағының ерікті-гид

- Мен адамдар Хиросимаға келіп, 6 тамызда не болғанын біліп, соғыстың салдары қандай ауыр болатынын көрсе екен деймін. Адамдар бір-біріне жау емес. Бәріміз тату-тәтті өмір сүре аламыз. Ол үшін тек жақсы қасиеттерімізді көруге тырысуымыз керек.

Казуёси Сасаки, Сюн Сасакидің атасы:

- Анамның 8-сыныпты бітірген кезі еді. Ол үй шаруасымен айналысып жатқанда, айналасы әп-сәтте жап-жарық болып кеткен. Қирандылар астынан шығып, тірі қалады. Бірақ өмір бойы сәулеленудің азабын тартып келді. Сүт безінің қатерлі ісігі, кейін тоқ ішек обырына шалдықты.

АҚШ Жапония қалаларын неге бомбалады? Бұл қаншалықты қажет болды? Сарапшылардың пікірі сан алуан. «Көбі Құрама Штаттар мұны Кеңес Үкіметіне сес көрсету үшін жасады», - деп санайды.

Ханс Кристенсен, АҚШ Ғалымдар федерациясы ядролық ақпарат жобасының директоры:

- Қазір біз қырғи-қабақ соғыстың алдында тұрмыз. Текетірестің күшеюі, бұрынғы нормалар мен келісімдердің әлсіреуі, ядролық арсеналдың жаңаруы – мұның бәрі жағдай кез келген уақытта ядролық соғысқа ұласуы мүмкін екенін аңғартады. Бұған еш күмәнім жоқ.

Әлемдегі геосаяси ахуал ушығып барады. Алпауыт елдердің бір-біріне ядролық қару арқылы сес көрсетуі қалыпты үрдіске айналды. Алайда, мұның соңы тарихи қателіктің қайталануына әкеп соғуы мүмкін. Сол нәубетті көзімен көрген жапондықтар әлем елдері ядролық қарудан толығымен бас тартқанда ғана бейбітшілік орнайды деп санайды

Ёсиказу Хориэ, жергілікті тұрғын:

- Бізді Еуропадағы ахуал қатты алаңдатады. Жағдай ушығып барады. Тарихтағы бұрынғы қателіктің қайталануына жол берілмесе дейміз. Бұл мәселеге АҚШ араласуы керек. Менің балаларым, немерелерім бар. Олардың бейбіт өмір сүргенін қалаймын.

Фумико Дои, Хиросимодағы бомбалаудан аман қалған тұрғын:

- Алдымен бет қаратпайтын жарық болды. Сол кезде адамды тұншықтыратын ыстық ұрды. Пойыз ішінде отырған ересектер мені денелерімен жауып қалды. Басымды көтерсем, сырттағылардың шаштары күйіп, беттері күйе болып қалған екен. Бәрі су сұрап, жалынып жүрді. Бұл қорқынышты көрініс менің жадымда мәңгілікке жатталып қалды.

Кацуми Такахаши, Хиросимодағы бомбалаудан аман қалған тұрғын:

- Бомбалаудан аман қалғандардың қатары сиреп барады. Олардың орташа жасы – 86. Ядролық қару – радиоактивті у қалдыратын апат. Келер ұрпақ мұны ұмытпауға тиіс. Бұл трагедия енді ешқашан қайталанбауы керек.

АҚШ Хиросима мен Нагасакиді бомбалағанына 80 жыл болды деп айтып отырмыз. Құрама Штаттар Жапония халқынан бұл үшін кешірім сұрады ма?

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Америка президенттері ішінен Хиросимаға тек Барак Обама барды. Ол бомбалаудан қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті. Бірақ демократияның атасы деп жүрген осы Америка президенттерінің ешқайсысы жапон халқынан кешірім сұраған емес.