World Dog Show 2025: қазақ тазысы әлемдік додада топ жарды

Финляндия астанасында өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде қазақтың құмай тазысы топ жарды, деп хабарлайды 24kz.

Әлемдік дода бүгін мәресіне жетті. Халықаралық сайыста 8 құмай тазы 7 басты жүлдені жеңіп алды. Осылайша, халқымыздың жеті қазынасының бірі халықаралық сарапшылар мен итбегілердің жоғары бағасына ие болды. Көрмедегі ұлттық павильонымыз да көпшіліктің назарын аударды.

Хельсинкидегі дүниежүзілік иттер көрмесінде Қазақстан бұрышына деген қызығушылық өте жоғары болды. Киіз үй ретінде ұлттық нақышта жасалған павильонға келушілер қарасы қалың болып, іс-шараның соңына дейін үзілмеді. Бұл қазақтың құмай тазысы әлемдік деңгейде жер жаһанға барынша таныла бастағанын көрсетсе керек.

Өзен Белкіш, Түркия кинология федерациясының президенті:

- Ұлттық мәдениетіңізді дәріптеуге бағытталған іс-шараларыңыз, яғни, қазақтың тазысын жаһан жұртына таныстыру үшін жасап жатқан еңбектеріңіз таңқалдырады. Қазақстан кинологиялық федерациясы елдің ұлттық мақтанышын әлемге паш ету үшін көп жұмыс атқарып жатқанын көріп, қуанып тұрмын.

Біздің құмай тазымызға қазірдің өзінде бірқатар елден сұраныс бар. Шетелдік итбегілер бабаларымыздың сенімді серігі болған шашақ құлақтының күшігін қайдан алып, баптауға болатынын сұрап, қызығушылық танытқан. Қазақтың киіз үйі, ұлттық тағамдар, кәдесыйлар мен дәстүрлі киімдер де өзгелерден ерекше көзге түсті.

Еділ Дәулетияров, Хельсиньки университетінің магистранты:

- Біздің қазақы тазымыз бұл біздің тарихымыздағы көшпенді халықтың мәдениетіндегі үлкен рөл алады. Ол жеті қазынаның бірі. Осындай үлкен көрменің болғаны үшін қуаныштымыз. Біз үшін, әсіресе, Финляндиядағы қазақ диаспорасы, студенттер, жастар ұйымы үшін бұл үлкен бір қуаныш. Осындай Қазақстанның киіз үйінде, тазысымен бірге, тағамдарымен бірге ұлттық киімдерімен бірге өзімізді елдегідей сезініп қалдық.

Иә, осылайша, әлем халқымыздың жеті қазынасының бірі қазақтың құмай тазысын тани бастады. Өйткені әрдайым алғырлығымен көзге түскен асылтұқымды иттеріміз халықаралық доданың алғашқы сайысында-ақ топ жарды. 7 бірдей жүлделі орынға ие болды. Былтыр Амстердамдағы халықаралық кинологиялық федерацияның шешімі бойынша Қазақстан ресми түрде тазы тұқымының иесі деп танылды. Федерацияның талабына сай алдағы 10 жылда еліміз оның санын көбейтіп, халықаралық жарыстарға қатысып тұруға тиіс.

Авторы: Зайнұр Байжігіт