Әлем елдері Палестина егемендігін мойындауға ниетті

Биньямин Нетаньяхудың Газа қаласын толық бақылауға алу туралы шешімі әлем елдері арасында дүрбелең туғызды.

Қатаң айыптаулар, саяси  сын тағылды. Бұл қысым Израиль премьер-министрінің пікірін өзгертуіне қаншалықты әсер етеді? Палестинаның егемендігін тану арқылы Таяу Шығыстағы жағдай реттеле ме? Таяу Шығыстағы қақтығыс реттеле ме десек, одан  сайын ушығып барады. Қазір тіпті сарапшылардың өзі бұл соғыстың соңын болжай алмай отыр. 

Б.Нетаньяху Газаны толық бақылауға алғысы келеді

Израиль әскері Газа секторындағы аумақтың шамамен 75 пайызын бақылап отыр. Енді олар халық ең көп қоныстанған Газа қаласын толығымен жаулап, шамамен 1 млн тұрғынды сектордың оңтүстігіне көшіруді көздейді. Бұл бірінші кезең. Екінші кезең бірнеше аптадан кейін басталып, гуманитарлық көмекті ұлғайтумен қатар, босқындар лагерлері мен тұтқындар болуы мүмкін деген аудандарға шабуыл жасалады. Осыдан 3 ай бұрын, Израиль министрлер кабинеті Иордан өзенінің батыс жағалауындағы оккупацияланған территорияда еврейлер үшін 22 қоныс салу жоспарын мақұлдаған еді. Халықаралық құқыққа сәйкес, палестиналықтардың жеріне қоныс салу - заңсыз. Алайда Израиль мұнымен келіспей, болашақ елді мекендер палестиналықтардан төнген қауіптен қорғану үшін қажет дейді. Израиль Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимді 1967 жылғы соғыста басып алды. Содан бері осы жауланған жерлерде тұратын 2 млн 700 мың палестиндіктің  арасына шоғырланған израильдіктер саны 700 мыңға жуықтап қалған. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Мен шешімді өзгертпеймін. Бұл соғыс Изарильдің жеңісімен аяқталады. Сондықтан оны жеделдетуге тырысып жатырмын. Осы себепті ЦАХАЛ әскеріне, ұзаққа созылған қақтығыстың мерзімін қысқартып, Газаны толық бақылауға алуға бұйрық бердім. 

Әлем елдері Палестина егемендігін мойындауға ниетті  

Израиль премьер-министрінің бұл жоспары әлемдік қауымдастық назарынан тыс қалған жоқ. Наразылық білдіргендер көп. Тіпті бірқатар ел Палестинаның егемендігін мойындауға бекініп отыр. Өткен айдың соңында Батыстың 15 елі Палестинаны мемлекет ретінде тану туралы ортақ мәлімдеме жасаған болатын. Оның ішінде Франция, Канада, Испания, Аустралия және Жаңа Зеландия бар. Бұл тізімнен Германия көрінбеді. Дегенмен Изарильге қару-жарақ беруді уақытша тоқтатып отыр. Ал Ұлыбритания осыған дейін Израиль шешімін өзгерпесе, Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтынын хабарлаған болатын. Жалпы бүгінде Палестинаның егемендігін Біріккен Ұлттар ұйымына мүше 193 елдің 147-сі мойындаған. Ал АҚШ Палестинаны мемелекет ретінде танудан бас тартып, Израильдің одақтасы болып қала бермек. Дональд Трамп Биньямин Нетаньяхумен бұл жайтты талқылаған. Трамп оның жоспарын «қос қолдап қолдаймын» деп айтпаса да, ХАМАС Газа секторынан кетуге тиіс деген пікірін білдірді.

Энтони Албанезе, Аустралия премьер-министрі:

- Газадағы әскери әрекеттерді күшейту үлкен өзгерістерге сеп болады деген сандырақ. Керісінше бұл бейбіт тұрғындардың жапа шегуіне, жазықсыз жандардың өліміне әкеледі. Оны қазір Газаны жайлаған аштыққа қарап-ақ түсінуге болады. Халықаралық қауымдастық ретінде, зорлық зомбылыққа жол бермеуіміз керек.

Кристофер Люксон, Жаңа Зеландия премьер-министрі:

- Біз екі халықтың екі бөлек мемлекет болуын қалаймыз. 1947 жылғы бөліністен кейін, осы ұстанымды бекіттік. Изариль премьер-министрінің кейінгі жоспарына қатысты айтылар сын көп. Қазір алдымызда Палестинаның егемендігін тану туралы жоспар тұр. Нақтысы келесі айда белгілі болады.

Израиль Бас штаб бастығы жоспарды қолдамайды  

Биньямин Нетаньяхуге сырттан тағылған сын көп. Израильдің өз ішінде де пікірлер қақ бөлінген. Израиль бас штабының бастығы Эяль Замир Газаны толық оккупациялау идеясын қолдамайтынын ашық айтты. The Times of Israel басылымының дерегіне сүйенсек, ол Нетаньяхудың жоспарын «әскер үшін тұзақ» деп атаған. Сондай-ақ Эяль Замир жағдай шиелініссе, отставкаға кетуді ұйғарып отыр. Оның айтуына қарағанда, бұл жоспар кепілдегі Изариль азаматтарына да қауіп төндіруі мүмкін. Дегенмен қандай шешім қабылданса да, үкімет армияға оны орындауға бұйрық берді.

Эяль Замир, Израиль Бас штабының бастығы:

Газаны жаулап алу туралы кез-келген жоспар Израильді қара құрдымға итермелейді. ЦАХАЛ әскері Газа секторындағы өз операциясын толық, тіпті шамадан асырып орындады.

Биньямин Нетаньяху өзіне тағылған қатаң айыптауларға қарамастан, өз дегенінен бас тартпақ емес. Ол Газаны ХАМАС-тан азат етіп, гуманитарлық көмекті ұлғайтамын деген желеуді алға тартып отыр.