Жаһандық жылынудан Иракта су тапшылығы туындады

Жылдық орташа температура тағы 2 градусқа көтерілсе, әлемдегі ірі өзендер мен көлдердің суы ондаған метрге төмендейді.

Nature журналында жарияланған деректерге қарағанда, қазір бұл құбылыстың географиясы кеңейіп, салдары тереңдеп жатқанын көрсетеді. Жалпы жаһандық жылыну әлемнің экожүйесіне қалай әсер етіп жатыр?

Жаһандық жылынудың салдары Ирактың оңтүстігіндегі Басра қаласында ауыз-су тапшылығын туғызды. Қыста қардың аз жаууы мен қуаңшылықтан жергілікті Шатт-әл-Араб өзеніндегі тұз мөлшері артып, тіршілік нәрі ішуге жарамсыз болып қалған. Билік  суды тазалайтын арнайы стансалар салуды қолға алды. Алайда құны 3 млрд долларға бағаланған жобаны іске қосу үшін кемі 3 жыл қажет. Сондықтан тұрғындардың суды үнемдеуден басқа амалы жоқ. Ирак - климаттың өзгеруі ең көп қауіп төндіретін бес елдің қатарына кіреді. Қазірдің өзінде-ақ елде құрғақшылықтан бірталай шабындық жер курап, шаруалар шығынға батып жатыр.

Жерорта теңізі 6 градусқа жылыды

Жерорта теңізі 6 градусқа жылыды. Бұған Еуропалық одақ жанындағы Коперник атындағы климат орталығынының ғалымдары жасаған зерттеуі дәлел. Әсіресе, теңіздің Испания мен Франция аумағына кіретін бөлігі қатты ысыған. Ол жақтарда әдеттегі 24 градус 30 градусқа дейін көтерілді. Судың жылынуына аптап ыстық себеп. Сарапшылар бұл құбылыс теңіздің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін дейді. Яғни маржандар, балдырлар, балық және ұлудың кейбір түрлеріне күйіп кету қаупі төніп тұр.

Чад көлінің 95%-і тартылып қалды

Африкада да климаттық өзгерістің салдары өткір сезіліп жатыр. Қуаңшылықтан Чад, Нигер, Камерун және Нигерия секілді 4 елдің шекарасын бөліп тұрған Чад көлі тартылып, түбі көріне бастады. Өткен ғасырдың 60 жылдары оның аумағы 26 мың шаршы шақырым болған еді. Қазір соның 95 пайызы тартылып қалған. Бұған жаһандық климаттың жылынуынан бөлек айдынға құятын өзен суын ауыл шаруашылығына көптеп пайдалану да әсер еткен. Мамандар тиісті шаралар дереу қолға алынбаса, көлдегі тіршіліктің жойылып кету қауіпі бар дейді. Бұл айдында әйгілі теңіз сиыры- ламантин мекен етеді. Ғалымдар бұл құбылысты тоқтату үшін әлем елдері шұғыл көміртегі шығарындыларын азайтып, суды пайдалану саясатын өзгертуі тиіс, - дейді. 

Зайнұр Байжігіт, 24 KZ