Трамп пен Путин: келіссөздер хронологиясы
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин кездеседі. Дерекке қарағанда, екеуі араға 6 жыл салып жолыққалы отыр, деп хабарлайды 24kz.
Ал оның алдында 6 рет алты мемлекетте жүздесіпті. Ал ол кездерде қандай мәселелер көтеріліп, не айтылып еді? Екі держава басшысының кездесуі алдында тілшіміз сол кездесулерді тағы бір парықтап, мәселенің аужайына зер салған еді.
Фариза Жанғанаева,
- Дональд Трамп пен Владимир Путин осыдан 8 жыл бұрын алғаш рет Гамбургтегі «Үлкен жиырмалық» жиынында кездесті. 2 сағат 20 минутқа созылған әңгіме барысында тараптар Украина, Сирия, терроризммен күрес және киберқауіпсіздік жайын талқылаған. Арада жарты жыл өткен соң Трамп АҚШ президенті болып сайланды. Бірақ сол кездесу барысында-ақ Трамп пен Путин Сирияның оңтүстік-батысындағы қақтығысты тоқтатуға, Украиндағы ахуалды өзара реттеуге уағдаласты.
Келесі кездесудің сәті сол жылдың күзінде, яғни араға үш ай салып Вьетнамда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының отырысында түсті. Толық форматтағы кездесу жоспарланған еді. Бірақ екі ел басшыларының кестелері сәйкес келмегендіктен, келіссөздер барысы тек саммит аясында талқыланды. Бұл кездесудің басты тақырыбы Сирия бойынша бірлескен мәлімдемені мақұлдау болды. Онда тараптар елдің аумақтық тұтастығына және қақтығысты саяси жолмен реттеуге бейіл екенін ресми растады.
Екі саммитте де президенттер жеке отырып сөйлеспеген. Алғашқы толық форматты кездесу 2018 жылдың шілдесінде Хельсинкиде өтті. Онда Трамп пен Путиннің әңгімесі 2 сағатқа созылған. Артынша келіссөздерді екі елден барған делегациялар жалғастырды. Ресей президенті келіссөздерді ашық әрі өте сәтті өтті деп бағалады. Ал, Трамп ресейлік әріптесімен арадағы әңгімені өз өміріндегі ең жақсы кездесулердің бірі деп сипаттады. Тараптар Украинадағы жағдайды реттеу, ядролық қарудан бас тарту, Корея түбегіндегі ахуал, Вашингтон мен Тегеран арасындағы қарым-қатынас және «Солтүстік ағын-2» атты газ жобасын талқылады.
Ал, 2018 жылдың қарашасында екі ел басшылары Парижде өткен,
Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 100 жыл толуына арналған іс-шараға қатысты. Сол уақытта да толыққанды екіжақты келіссөздер жоспарланған болатын, бірақ Франция билігі баспасөз назарын мерекеден алаңдатпау үшін кездесуді кейінге қалдыруды сұрады. Тек Триумфалды аркадағы салтанатты рәсімнен кейін Трамп пен Путин Елисей сарайындағы таңғы ас уақытында сөйлесті. Бірақ маңызды тақырыптарды талқылаудың сәті түспеген.
Сөйтіп, келесі кездесу 1 желтоқсанда Буэнос-Айресте өткен G20 саммитіне жоспарланды. Бірақ Трамп Керіш бұғазындағы қақтығысқа байланысты кездесуден бас тартты. Кейін Путин Ақ үй басшысымен сөйлескенін және оқиғаға байланысты оның сұрақтарына жауап бергенін мәлімдеді.
Трамп пен Путин соңғы рет 2019 жылы 28 маусымда Жапонияның Осака қаласында өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде кездесті. Олар жиын басталмай тұрып, 1,5 сағат бойы Иран, Украина, Сирия және Венесуэладағы жағдайды сөз етіп, АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мәселесін талқылаған. Кездесуден шыққан соң Трамп: «Бұл кездесу – бәріміз үшін жақсы бастама», - деп бағалады.
Авторы: Фариза Жанғанаева