ЕО: Украина қақтығысты реттеу келіссөздерінен шеттетілуі мүмкін
Украина қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздерден шеттетілуі мүмкін.
Еуропалық Одақ елдерінің көшбасшылары осындай алаңдаушылық білдіруде. Ұйым Украинаның аумақтық тұтастығының сақталуын, оған зиян келтіретін ешбір ымыраға жол берілмеуін талап етуде.
АҚШ президентінің ресейлік әріптесімен кездесуі өткен соң Трамп алдымен Украинаның мемлекет басшысын, содан кейін еуропалық көшбасшыларды хабардар етуі тиіс. Бұл Германия канцлерінің пайымы, бірақ мұндай коммуникация неғайбыл екенін ол мойындайды. «Егер Аляскада Ресей тарапынан оң қадам жасалмаса, онда АҚШ пен еуропалықтар Мәскеуге қысымды күшейтуі керек» деп атап өтті канцлер.
Фридрих Мерц, Германия Канцлері:
- Президент Трамп бұл талабымыздан хабардар. Және толығымен қолдайды. Бұл мәселе бойынша әңгімеміздің жарасқаны туралы айта аламын. Біз президент Трампқа сәттілік тілейміз.
АҚШ
Сарапшылар Аляскадағы кездесу қарсаңында еуропалық көшбасшылардың, Украина және АҚШ президенттерінің виртуалды кездесуін «неміс дипломатиясының айтарлықтай жетістігі» деп атады. Бірақ алаңдаушылық та бар: кейбір саясаткерлер бірліктің бекем болмауы мүмкін екенін, ал әрі қарайғы әскери қолдау мен экономикалық санкциялар мәселесіндегі келіспеушіліктер бетпе-бет келіссөздерде ғана анықталуы мүмкін екенін айтады.
Карло Масала, саясаттанушы:
- Бұл сонымен қатар Еуропаның дәрменсіздігін білдіреді, өйткені өткен жылдың ақпаны көрсеткендей, Трамп — іс-әрекетін болжап айту қиын саясаткер. Тіпті дипломатиялық арналар арқылы бізге шын мәнінде не жоспарланып жатқаны туралы жеткілікті ақпарат жетпей отыр. Сондықтан ешқандай кепіл жоқ.
Венгриядан басқа еуропалық елдердің көшбасшылары: Украина өзінің болашағын өзі айқындауы тиіс екенін және кез-келген келісім ол елдің мүдделерін де, Еуроодақ қауіпсіздігін де ескеруі қажеттігін еске салады. Франция, Италия, Ұлыбритания, Германия, Польша және Финляндия бірлескен мәлімдемеде кез-келген келіссөз – әсіресе соғысты тоқтату жөніндегі – Украинаның қатысуынсыз өте алмайтынын кесіп айтты. Бейбітшілік мәселесі ол елсіз талқыланбауы тиіс.
Ғалымжан Қараманұлы