Д. Трамп пен В. Путиннің кездесуі келісімсіз аяқталды. Live

Әлем назарын аударған Аляскадағы кездесуде Дональд Трамп пен Владимир Путин Украинаға қатысты ешбір келісімге келе алмады.

Алайда ат кекілін кесісіп, дағдарысты асқындырған да жоқ. Тек өзара түсіністік деп қысқа қайырды. Келісім болмаса да, әлем назарын өзіне аударып, Анкоридж қаласының мәртебесі артқан секілді. Қала халқы қандай көңіл күйде?

Дональд Трамп мінген ұшақ қонған сәттен бастап, алдын ала айтылған дүниелер өзгергенін білдік. Алғашында 1-1 кездесу 3-3-ке ауысып, АҚШ Президенті қасына Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы өкіл Стив Уиткоф қосылды. Қос президент қол алысып, кім-кімді қаттырақ қысады екен дегендей кейіп танытты. Владимир Путин барынша жымиып, достық рәуіште америкалық әріптесімен амандасқанын байқадық. Ресей президенті қош көрдік, қымбатты көршім деп, қырғи қабақ соғыс жылдарынан бері нашарлап кеткен АҚШ-Ресей қарым-қатынасына жаңа дем бергісі келгендей болды. Сөйтті де қызыл кілеммен жүріп өтіп, Дональд Трамптың лимузына қатар мінгесті. Мәскеу тарапы екі жақты байланыстыратын дүниелерді АҚШ-қа келмей жатып түгендей бастады. Магадандағы кеңестік және АҚШ әскерлеріне арналған мемориалға тағзым еткен Владимир Владимирович екінші дүниежүзілік соғыстағы бауырмалдықты бірнеше рет тілге тиек етті. Аляскадағы саммитті көптен күткен кездесу деген Мәскеу өкілі Украинаны бауырлас халық деп, жағдайдың қазіргідей болғанына алаңдап, өкініш білдіріп, бейбітшілік жолында мүдделес екенін айтты. Арктикалық экономикалық ынтымақтастықты берік етуге ниетті екенін айтып уақыт белдеулеріндегі айырмашылықты, кешеден ертеңгі күнге бір адам жасап өтуге болатынын мысалға алып, қазіргі суық қарым қатынасты жаңартсақ деген ұсыныстың бары естілді. Трамп президент болғанда соғыс мүлдем болмаушы еді деген сөз де айтылып, АҚШ президентінің қолтығына су бүркілді. Дональд Трамптың жауабы екі есе қысқа болды. Ойлаған мақсатымызға жетейін деп, жетпей қалдық деді. Нақты не екенін ашып айтпаса да, мәселенің Украинаға қатысты екені белгілі. Тіпті президенттердің артында тұрған қабырғаның безендірілуі де Pursuing peace, Бейбітшілікке ұмтылыс деп ұрандатып тұрды. Кездесулерден кейін Трамп Зеленский мен НАТО елдеріне хабарласып, жағдайды мәлім ететінін айтты. Кейіннен Путинмен алда тағы кездесуі мүмкін екенін айтқанда, Ресей президенті іліп әкетіп, келесі кездесу Мәскеуде болсын деп қолқа салды. Трамп үстінен суық су құйып жібергендей, олай бола қоюы екі талай екенін айтып, десе де толықтай жоққа шығармай қазан қақпағын жылы жауып қоя салды. Келісім болмаса да, әлем назарын өзіне аударып, Анкоридж қаласының мәртебесі артқан секілді. Қала халқы қандай көңіл күйде?

Қала халқы құдды бір екіге бөлінгендей. Алғашқы топ республикашыл толқындағы жұрт болды. Дені Трампқа қолдау танытып, Шығыс Еуропадағы дағдарысты аяқтай алатын жалғыз адам сол дегендей алып плакаттармен, АҚШ туымен көшелерде шеру жасады. Оған қарсы топта Трамптың саммитті дәл Аляскада өткізгеніне қарсы болып, президентін дәрменсіз деп тапқан екінші бір топ болды. Олар Украинаны қолдап, үстел басына Зеленскийдің келмегеніне наразы. Орталық саябақта жиналып, ондаған метрлік Украина туын желбіретіп, қарсылықтарын білдірді.

Бренден Миазе, қала тұрғыны:

- Елімнің патриоттарымен бірге президентімізге қолдау танытуға келдік. Меніңше, кездесуде Трамп АҚШ мүддесін қорғап, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуы керек. Арктикалық аймақтағы тура мына Аляска маңындағы жерде ынтымақтастық артып, байланысымыз нығаяды деп сенемін.

Эрин Джексонхил, Анкоридж қаласының тұрғыны:

- Біз президентіміздің соғысқа тікелей қатысы бар адамды біздің штатқа шақырғанын қаламаймыз. Келесі жолы басқа жерді таңдасын. Біздің қауым Украинаны қолдайды. Трампқа наразылығымызды бейбіт жолмен көрсетіп, ең үлкен Украина жалауын желбіреткіміз келеді.