Қытайда чикунгунья вирусына қарсы күрес күшейді
Қытайда чикунгунья вирусымен күрес шаралары күшейтілді, деп хабарлайды 24kz.
Елде індеттің жаппай таралу қаупі сейілмей тұр. Гуандун провинциясында аурудың белгілері бар науқастар саны күрт артты. Ел үкіметі эпидемияны болдырмау үшін ғалымдарды жұмылдыра бастады. Қазір олар кеселді тарататын масаларға қарсы түрлі әдістерді қолданып, сынап жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайдың оңтүстік бөлігінде чикунгунья вирусын жұқтырғандар саны көбейді. Әсіресе, індет Фошань қаласында өршіп тұр. Аз ғана уақыттың ішінде мыңдаған адам жұқтырған. Ел үкіметі аймақты қатаң бақылауға алып, карантиндік іс-шараларды күшейтіп жатыр.
Бұл – кәдімгі масалар арқылы тарайтын індет. Оның белгісі: жұқтырған адамның қызуы көтеріледі. Денесі бөртіп, буын-буыны сырқырай бастайды. Ел билігі қауіпті дерттің одан ары таралуын болдырмас үшін ғалымдарды жұмылдырып, түрлі амалдарды іздеуде. Қазір қоршаған ортаға паразит масаларды жоятын стерильденген масалар жіберілді. Ауру таратушы жәндіктер шоғырланатын өзен-көлдерді анықтауға заманауи технология қолданылуда. Сонымен қатар маса дернәсілдерімен қоректенетін 4200 дана дөңмаңдай балықтары пайдаланыла бастады. Әуеге арнайы дрондар ұшырылып, бақылау жүргізіліп жатыр. Алайда әзірге нақты нәтиже болмай тұр.
Чжан Хуабинь, Чанчэн ауданы кешенді құқықтық қамтамасыз ету бюросының қызметкері:
- Бұл індетпен күресуде дәстүрлі емес амалдардың бірі – стерильденген масаларды қолдану. Осы арқылы кеселді таратушыларының табиғи жолмен көбеюін тоқтатуға болады. Ең алдымен масалардың жұмыртқасын жою қажет. Оған қарсы балық шабақтарын жіберіп көрдік. Әрі қарай даму кезінде күресу жақтарын бақылаймыз. Тиімді жолын анықтап қолдану үшін әлі бізге уақыт керек. Зерттеу жалғасып жатыр.
Осы мақсатта қазір Гуанчжоуда маса өндіретін фабрика қарқынды жұмыс істеп жатыр. Онда аптасына 5 миллион стерильденген аталық маса шығарылады. Мамандар оларды қоршаған ортаға жіберу арқылы вирусты тасымалдаушы түрлерін азайтуға болады деген пікірде. Жаңа тәсіл олардың көбеюін 3 аптада 50%-ке дейін, ал 6-8 аптада 80% жоюға мүмкіндік бермек.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір ғалымдар Фошаньдағы барлық су айдындары мен өзендерде жаппай зерттеу жүргізіп жатыр. Ал билік дерт жұқтырған науқастарға емдік шараларды жан-жақты көрсетуді қатаң бақылауға көшті. Халықты дер кезінде безгектің таралу қаупі туралы хабарландырмаған лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылмақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын