Испанияда сүйек кемігі трансплантациясы рекордтық деңгейге жетті
Испанияда сүйек кемігінің трансплантациясы рекордтық көрсеткішке жетті. Бір жылда төрт мыңға жуық операция жасалған.
Енді жергілікті мамандар сүйек кемігі жасушаларын пайдаланып, жүрек және жүйке жүйесі ауруларын емдеудің жолдарын зерттеп жатыр. Бұл әлемдік медицинада жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Испания асистолия, яғни жүрек қызметін толық тоқтатып, барлық ағза түрін ауыстыру операцияларын жасайтын әлемдегі дамыған елдердің бірі. Ұлттық трансплантация ұйымы жариялаған есепке сәйкес, 2024 жылы елде 6464 осындай ота жасалған. Олардың шамамен 2,5 мыңында донор қайтыс болған болса, 404-і тірі донардан алынды. Нәтижесінде, бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі және ішек трансплантациялары сәтті жүзеге асты. Биыл Испания сүйек кемігінің жасушаларын трансплантациялау бойынша да рекордық көрсеткішке қол жеткізді. Бір жылдың ішінде төрт мыңға жуық ота жасалды.
Эктор Пальмер, Сүйек миы және қатерлі ісіктерді зерттеу тобының жетекшісі:
- Сүйек кемігінің жасушаларын трансплантациялау - қан обыры, лимфома, апластикалық анемия және туа біткен иммундық тапшылықтар мен кейбір тұқым қуалайтын қан ауруларын емдеуде кеңінен қолданылады. Бұл медицинадағы шын мәнінде революциялық қадам. Себебі өткен ғасырдың ортасына дейін лейкемия немесе апластикалық анемияны емдеу мүмкін болмай келген. Бүгінде осы әдістің арқасында науқастар дертінен айығып жатыр.
Қазір Барселонадағы «Валль-д’Эброн» және Мадридтегі «Ниньо Хесус» ауруханалары жанындағы зерттеу институттары - сүйек кемігінің жасушаларын жүрек және жүйке жүйесі ауруларын емдеуде қолданудың жаңа тәсілдерін зерттеуде. Ғалымдар бұл тәжірибелер жүрек талмасы мен инсульттен кейінгі зақымданған ағза бөлігін қалпына келтіруде айтарлықтай нәтиже беруі мүмкін дейді. Зерттеу нәтижелері әлемдік медицинада жаңа серпіліс әкеліп, емделмейді деген санаттағы сырқаттарға үміт сыйлауы ықтимал.
Хосе Луис Мартин, Гематология және гемотерапия бөлімінің меңгерушісі:
- Қазіргі медицинаның мүмкіндіктері жүрек талмасынан кейінгі миокард немесе инсульт салдарын толықтай жоя алмайды. Ал сүйек кемігінің жасушаларын қолдану - зақымданған аймақты қайта қалпына келтіруі әбден мүмкін. Бұл – мүгедектікке алып келетін ауыр дерт түрлерінің алдын алуға жол ашатын медицинадағы ірі қадам болмақ.
Мамандардың пікірінше, жүрек пен неврологиялық ауруларды емдеуде сүйек кемігінің жасушаларын қолдану – қазіргі медицинада баламасы жоқ бағыт. Дәстүрлі терапия тек симптомдарды жеңілдетумен шектелетін жағдайларда, бұл әдіс зақымданған аймақты қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Испаниядағы ғылыми орталықтардың осы саладағы жетістіктері - тек ұлттық деңгейде емес, әлемдік медицинада да маңызды серпіліс болып саналады.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач, 24 kz