Өзбекстан делегациясы Діндер сьезіне дайындықтарын пысықтады

«Өзбекстан делегациясы қыркүйекте Астанада өтетін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VIII сьезіне дайындықтарын пысықтады.

Бейбітшілікті ту еткен келелі кеңестің адамзат үшін берері мол. Қазіргі аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда әлем елдерін толерантты қоғамға үгіттеу тек мықтылардың ғана қолынан келеді.  Бұл ретте  ресми Астананың ұстанған көпвекторлы саясаты барлық дін көшбасшыларын елордаға жинап, бір үстел басында жаһандық мәселелерді талқылауға мүмкіндік туғызып отыр», - дейді өзбек сарапшылары.

Гүлнора Ганиева, Ислам өркениеті орталығы директорының орынбасары:

- Бұл сьезд дінаралық байланыстардың беки түсуіне үлкен серпін береді деп ойламын. Біздің мақсатымыз да осы;   адамдарды ұлтқа, дінге бөлмей, бейбітшілікте, бір мүдде үшін еңбек ету. Осы тұрғыда Орталық Азия елдерінің ұстанған саясаты көпке үлгі дер едім.  Бізде ешқандай дінаралық түсініспеушілік жоқ. Қазақстан біз үшін ең жақын,бауырлас мемлекет. Дініміз де бір. Бейбітшілікті ту ету арқылы бір мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан Астанадағы сьезд барша адамзат үшін маңызды деп ойламын.

Съезд жұмысына әлемнің шамамен 60 елінен 100-ден астам делегация қатысады деп жоспарланған.  Олардың қатарында ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, синтоизм сияқты діндердің рухани көшбасшылары  мен халықаралық ұйым өкілдері сондай-ақ дін саласының сарапшылары бар.