Араб елдері ШЫҰ арқылы экономикалық серіктестікті арттырып жатыр

«Жаңа нарықтарға жол ашатын экономикалық құрылым және қауіпсіздік саласында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң». Шанхай ынтымақтастық ұйымына деген шығанақтағы араб елдерінің ортақ көзқарасы осындай, деп хабарлайды 24kz.

Бірлестік мүшелері мен диалог бойынша серіктестер өзара берік байланыс орнатқан. Соның нақты мысалы энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика мен цифрлық технология саласында көрініс тауып отыр. Тараптар мұнымен тоқтап қалмай, халықаралық ұйым аясында да ынтымақтастықты ілгерілетуге көшті.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері, Кувейт және Қатар. Бұл Шанхай ондығына кіретін Қазақстан, Қытай, Ресей, Өзбекстанның халықаралық ұйым аясындағы диалог серіктестері. Қай-қайсының да саяси салмағы зор, экономикалық әлеуеті жоғары. Ресми Эр-Рияд әлемдегі ірі мұнай өндіруші және «Vision 2030» идеясымен әйгілі болса, Абу-Даби мен Доха шығыс пен батыс арасын жалғаған дәнекер қалпын сақтап келеді. Қазір шығанақ елдерінің халықаралық құрылымдармен де байланысы бекем. Бұл міндетті арқалағандар көпжақты диалогтың игілігін көре бастады. Айталық, аз ғана уақытта Араб әмірліктері Қазақстан мен Өзбекстандағы энергетика, инвестиция және цифрлық жобаларға қомақты қаржы салып, экономикалық тұрғыда маңызды қадамдар жасады.

Тариқ Низами, сарапшы, «Ceo Clubs Network Worldwide» ұйымының бас директоры:

- Біріккен Араб Әмірліктері жасанды интеллект саласында тек аймақта ғана емес, жаһандық деңгейде көшбасшы болуды мақсат тұтып отыр. Бұл – болашақ дипломатия мен экономиканың өзегі. Осыны ескерген әмірлік билігі халықаралық серіктестермен барлық бағытта байланысты нығайтып жатыр. Соның ішінде халықаралық ұйымдар да бар.

Араб елдері мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасындағы ынтымақтастық бұл күндері жаңа деңгейде. Сарапшылар тарапынан жиі айтылатын бұл пайыммен де келіспеу мүмкін емес. Себебі әмірлік Қазақстан, Өзбекстан және Қытаймен бірлесіп халықаралық сауда жолдарын дамытуға кірісіп кетті. Енді арабтар «Бір белдеу – бір жол» бастамасына зор қызығушылық танытып отыр. Алды Транскаспий дәлізі бойында терминал салу, ірі танкерлерді іске қосу сынды міндеттерге ден қойды. Бұл дегеніміз, көпжақты және екіжақты байланыстың да нәтижелі екенін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, араб елдеріне Шанхай ондығы қауіпсіздік қана емес, экономикалық серіктестікті серпінді ететін алаң. Батыс пен шығыс арасында теңгерімді саясат жүргізуге тікелей ықпал ететін бірлестік.

Авторы: Рауан Мыңбай